Қазақстанда Mynbala TikTok House ашылды

946

Елімізде тұңғыш рет толық қазақ тіліндегі тикток хауз – Mynbala House ұжымы өз жұмысын бастады.  

Қазақстанда Mynbala TikTok House ашылды

Жобаға қатысушыларды іріктеу үшін еліміздің барлық өңірінде кастинг ұйымдастырылған. Мыңнан астам өтініш ішінен өнерге жақын, шығармашылықпен айналысатын 20 бала таңдалып алынды. Олар енді Алматы қаласында өнерін шыңдап, қазақша контент әзірлеумен айналысады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

MynBala – еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды жинауға бағытталған республикалық деңгейдегі жоба. TikTok платформасының, кәсіби менеджменттің және тәжірибелі digital-креаторлардың көмегімен MYNBALA House командасы әлемге дарынды қазақстандық жастардың әлеуетін паш етуді мақсат етіп отыр.

"Жобаның басты мақсаты – қазақтың шығармашыл жастарын қолдау, әлеуметтік желіде қазақ тілді контенттің, оның ішінде қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және дәстүрімізді, салтымызды, бірлігімізді насихаттауға бағытталған видеолардың көбірек шығуына жағдай жасау. Себебі желіде құр уақыт өткізуге құрылған контенттер басым түсуде. Жоба әлеуметтік сипатқа ие. Бұл тұрғыда қолдау көрсеткен Astana IT University екенін атап өткім келеді. Арамызда Ұлытау, Абай, Жетісу, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар облыстарынан, Жаңаөзеннен, Тараздан, Қарғандыдан, Қызылордадан, Екібастұздан балалар бар. Біз дарынды жастың қаржылық қиындықтарға, қоғамның қабылдай алмауына және өзге де кедергілерге қарамастан топ жарып шығатынын көрсеткіміз келеді",  деді идея авторы әрі жобаның жетекшісі Самал Ибраева.

"TikTok House қазақ тілінде болғандықтан, қатысушыларын аймақтардан, ауылдардан жинағандықтан "Мыңбала" деген ат таңдалған. "Мыңбала" сөзі нақты санды емес, мықты балалардан құралған топты, біріккен күшті білдіреді. Екіншіден, "Мыңбала" сөзінде тарихи мән және қазақы бояу бар", – дейді жобаны ұйымдастырушылар.

MynBala командасына Түркістан облысынан қосылған 18 жастағы студент Нұрбол Құралов жоба оның өзі қызығатын мобилография бағытында шыңдалуына мүмкіндік алғанына қуанышты.

"Мені Mynbala жобасының ұстанған бағыты, мақсаты қызықтырды. Мамандығым филолог болғандықтан тіліміздің, дәстүріміздің бояуын көрсететін контенттер жасауға үлесімді қоса алам деп сенем. Мобилографияға қызыққандықтан, жобаға басынан қосылып, өңірлерге кастинг өткізуге баруға мүмкіндік алдым. Ауылдарды аралап, алуан түрлі өнерді меңгерген, нақты мақсаты бар балаларды кездестірдік. Біразы мен сияқты Mynbala командасына қосылды", – деді Mynbala House мүшесі Нұрбол.

MynBala House кастингінен өткендердің бірі – жетісулық Зеңгір Рахатқызы. Мамандығы - музыкалық театр әртісі.

"Жобаның кастинг тобы біздің университетімізге келіп арнайы іріктеу өткізді. Гитарада ән салып, әртістік қабілетімді көрсеттім. Қазір өзге өңірлерден келген қатысушылармен бірге қазақ тілінде мазмұнды контент жасауды үйреніп жатырмыз. Бұл ортада қазақтың тілін, дәстүр-ғүрпымызды жақсы білетін және осыны үйренуге талпынысы бар жастар жиналған. Бір-бірімізбен тәжірибемізбен бөлісіп, басқа да мамандардан сабақ алып, жан-жақты дамимыз деген ойдамын", – дейді Зеңгір.

Айта кетейік, әлемде қолданушыларының саны 1 млрд-тан асып үлгерген TikTok компаниясы жақында Қазақстанда өз өкілдігін ашатынын мәлімдегені белгілі. Себебі бұл әлеуметтік желі біздің елімізде қарқынды дамып, түрлі бағыттағы контент жасаушылар күннен күнге көбейіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу