Қазақстанда наркоқылмысқа қатысты 69 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың 52-сі ұл бала, 17-сі қыз бала.
Полицияның мәліметінше, 40 жасөспірім есірткі сатты деген күдікке ілінген. Тағы 27-сі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен, екеуі есірткіні жарнамалау және насихаттау бойынша ұсталған.
Наркоқылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап көзделген.
ІІМ ата-аналарды баланың мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге, қымбат заттардың пайда болуына және күмәнді хат алмасуларына назар аударуға шақырды. Сондай-ақ түйіншек, пакет және электронды таразы сияқты заттарға да мән беру қажет.
Оқу жылы басталғалы полиция мектептер мен өзге де оқу орындарында 16 мың профилактикалық іс-шара өткізді.