Елімізде 16 қыркүйектен бастап сталкинг пен неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген заң күшіне енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа заң Мемлекет басшысы қол қойған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөніндегі түзетулер аясында қабылданды. Енді адамды зорлық-зомбылықсыз, бірақ жүйелі түрде заңсыз қудалау сталкинг деп танылады.
Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай әрекет қылмыстық теріс қылықтар санатына жатады. Сталкинг жасағандарға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамау түріндегі жаза қарастырылды. Заң қолданысқа енгеннен кейін алғашқы екі іс Атырау мен Павлодар облыстарында тіркелді.
Сонымен қатар әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында неке қиюға мәжбүрлеу үшін де жауаптылық енгізілді. Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану немесе мүлкін жою қаупімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ауыр зардап болған жағдайда жаза 10 жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Неке қиюға мәжбүрлеудің алғашқы істері Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелген.
Екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмаған қыздар болды.
Тергеу жүріп жатыр, іс прокуратура бақылауында.