Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5% - ға азайды

459

Соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5%-ға, қаза тапқандар саны 8,4%-ға азайды.  

Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5% - ға азайды Фото: ҚР Еңбекмин

Қазақстанда өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, деп хабарлайды  Inbusiness.kz Еңбекминге сілтеме жасап.

Жыл сайын 28 сәуірде дүниежүзілік қоғамдастық еңбекті қорғаумен байланысты проблемаларға жұртшылықтың назарын аудару, жарақаттануды азайтуға және жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалардың санын азайтуға жәрдемдесу мақсатында құрылған Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтеді.

Халықаралық еңбек ұйымының деректері еңбекті қорғау саласындағы ауқымды проблемалардың сақталуын айғақтайды – әлемде жыл сайын 270 млн-ға жуық жазатайым оқиға және 2 млн-нан астам адамның өмірін қиған 160 млн кәсіби ауру тіркеледі.

Қазақстанда жыл сайын кәсіпорындарда 1500-ден астам жазатайым оқиғаға жол беріледі, оның 200-ге жуығы өліммен аяқталады.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 16,2%, құрылыс саласында – 15% байқалады.

Қазіргі кезде 386 мыңнан астам жұмыскерлер  зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Шу мен діріл деңгейінің жоғарылауы жағдайында әрбір екінші (46,8%), жұмыс аймағының газдануы мен шаңдануының жоғарылауы – әрбір үшінші (33,2%) және қолайсыз температура режимінде – әрбір алтыншы (16,7%) адам жұмыс істейді. Ауыр дене еңбегімен 102,7 мың (6,1%) жұмысшы айналысады.

2022 жылы 680 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін түрлі өтемақы алды. Осы мақсаттарға жұмыс берушілер 207,6 млрд теңге бөлді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 24% - ға артық.

2022 жылдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 119 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 1094 материал жіберілді, олар бойынша 192 қылмыстық іс қозғалды. Жұмыс орындарында еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында 7061 өндірістік объектіні аттестаттау өткізілді.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

2019 жылдан бастап "Нөлдік жарақат – Vision Zero" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 425 кәсіпорын қосылды.

Еңбекмині алдына еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қояды. Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда: өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға 0,20-ға дейін төмендету; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 20% - ға дейін қысқарту күтіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу