banner

Қазақстанда өндірістік жазатайым оқиғалардан 134 адам қайтыс болды

653

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар бойынша 109 лауазымды адам қызметінен босатылған.

Қазақстанда өндірістік жазатайым оқиғалардан 134 адам қайтыс болды Фото: elitar.kz

Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберіліп, 118 қылмыстық іс қозғалды.

Биыл 9 айда Қазақстанның кәсіпорындарында 999 адам зардап шеккен. Соның ішінде 134 адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Спикердің айтуынша, жазатайым оқиғаларға жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (34,9%), жұмыс өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастырмау (28,3%), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,1%), автожол жүрісі қағидаларын бұзу (9,1%) секілді себептер әкеп соққан.

Журналист комитет төрағасынан кәсіпорында қаза тапқан жұмыскерлердің отбасыларына төленген өтемақы мөлшері туралы сұрады.

"Негізі жұмыс беруші өз жұмысшыларының барлығын міндетті түрде қайғылы жағдайлардан сақтандырады. Сақтандырғанда бұл жұмыс берушінің өз айлығына байланысты. Бізде бүгінде республика бойынша сақтандыру қорымен айналысатын 8 мекеме бар. Олардың барлығының өз коэфициенттері және тарифтері бар. Сол тариф бойынша әрқайсысы жәрдемақы төлейді. Жұмыс беруші жұмысшыны сақтандырып, оны тарифке салған кезде ең төменгі айлық жалақы мөлшерінің 10 есебінен көп болмауы керек. Бүгінде ол 60 мың тг болса, онда 600 мың тг-ден аспауы керек. Егер одан асса, онда қалған айлығының барлығын сақтандыру қоры емес, жұмыс беруші төлейді. Бағана айтып кеткен 8 мекеме оларға қанша ақша бөлді дегенге жауап беру қиын", – деді Төлеген Оспанқұлов.

Оның айтуынша, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталып отыр.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында (16,4%), құрылыс саласында (12,3%) тіркелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу