Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 20%-ға төмендеді

87

Бұл нәтижеге 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асырудың арқасында қол жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 20%-ға төмендеді Фото: ДСМ

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы қатерлі ісіктің 42 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді. Бұл – ерте анықтау деңгейінің артуына байланысты алдыңғы жылдардың орташа көрсеткішінен 7,8 пайызға жоғары. Қазіргі уақытта динамикалық бақылауда 246 мыңнан астам пациент тұр, олардың 55 пайыздан астамы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Сонымен бірге қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін бес жыл және одан да көп өмір сүретін науқастар үлесі 63 пайызға жетті. Ерте диагностика жетілдіріліп, оның деңгейі 33 пайыздан асты. Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 61 жағдайға дейін төмендеді.

Онкологиялық қызметті дамытуға 30,4 млрд теңге бағытталды. Осы қаржы есебінен алты жаңа сызықтық үдеткіш орнатылды және сәулелік терапиямен қамту деңгейі 61 пайызға жетті. Сонымен қатар адаптивті және 4D сәулелік терапия сияқты заманауи емдеу әдістері енгізілді. Қызылорда мен Ақтауда ПЭТ/КТ орталықтары ашылып, мақсатты және иммундық-онкологиялық дәрілерге қолжетімділік кеңейді. Бүгінде 17 онкология орталығында госпитальдық фармация бөлімдері жұмыс істейді. Асқазан-ішек жолдары обырын ерте анықтау үшін 19 арнайы эндоскопиялық орталық ашылған.

Алдын алу шаралары да күшейтілді. Онкоскринингтер сақтандырылмаған азаматтарға да қолжетімді болып отыр. 2026 жылдан бастап төмен дозалы компьютерлік томография мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып өкпе обырын ерте анықтауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылады. Сондай-ақ шалғай өңірлерде жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істеп, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда.

Кадр даярлау да назардан тыс қалған жоқ. Түркия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстанның жетекші онкологиялық орталықтарымен әріптестік орнатылып, 35 маман шетелде оқудан және тағылымдамадан өтті.

Мамандардың айтуынша, қабылданған кешенді жоспар алдын алу, ерте анықтау, жоғары технологиялық емдеу және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету бағыттарын қамтитын жүйелі онкологиялық көмек моделін құруға мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу