Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қажетті медициналық көмек ТМККК аясында көрсетіледі.
Қазір қазақстандық пациенттерге ісікке қарсы 150 түрлі дәрі-дәрмек қолжетімді. Оның ішінде 102 химиотерапиялық, 45 таргеттік және 3 иммуноонкологиялық препарат бар. Жыл сайын 55 мыңнан астам адам дәрілік ісікке қарсы терапия алады.
Емдеу тәсілін дәрігер әр пациентке жеке белгілейді. Бұл ретте диагноз, аурудың сатысы, науқастың жалпы жағдайы және ісіктің ерекшеліктері ескеріледі.
Онкологиялық ауруларды анықтау үшін ПЭТ/КТ диагностикасы да медициналық көрсетілім бойынша тегін жүргізіледі. Қазіргі таңда елімізде 19 ПЭТ/КТ аппараты бар 10 ядролық медицина орталығы жұмыс істейді.
Пациенттерге жоғары технологиялық операциялар, соның ішінде ағзаны сақтайтын және реконструктивтік хирургиялық әдістер ұсынылады. Кейбір операцияларда роботтық және аз инвазивті технологиялар, үш өлшемді модельдеу, лапароскопиялық және торакалдық хирургия қолданылады.
Сонымен қатар Қазақстанда таргеттік және иммуноонкологиялық терапия, жоғары дозалы химиотерапия, жасушалық иммунотерапия сияқты заманауи емдеу әдістері қолжетімді.
Сәулелік терапия да ТМККК шеңберінде көрсетіледі. Елде мұндай ем жүргізуге арналған 40-тан астам аппарат, оның ішінде 26 желілік үдеткіш бар. Жыл сайын шамамен 15 мың пациент сәулелік терапия алады.
2025 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы ашылды. Сондай-ақ онкологиялық практикаға адаптивтік, төрт өлшемді, стереотаксикалық сәулелік терапия және жоғары дозалы брахитерапия енгізілген.
Онкологиялық көмек алу үшін пациент алдымен емдеуші дәрігеріне немесе медициналық ұйымның пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады. Онда қажетті тексерулер, емдеу және әрі қарайғы медициналық маршрут туралы ақпарат беріледі.
ДСМ мәліметінше, Қазақстан азаматтарына онкологиялық көмек ТМККК аясында тегін көрсетіледі.