Қазақстанда өсімдіктердің есебі жүргізіліп жатыр

261

Қазақстандық ғалымдар Франция, Нидерланд, АҚШ және Ұлыбританияның жетекші ботаникалық орталықтарымен бірлескен жобалар мен экспедициялар өткізді.  

Қазақстанда өсімдіктердің есебі жүргізіліп жатыр Фото: canva

Қазақстан ғалымдары өсімдіктерді зерттеу және сақтау бойынша үлкен жұмыс атқарып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ботаника және фитоинтродукция институтының жоғары өсімдіктер флорасы зертханасының меңгерушісі Полина Веселова айтты.

Оның айтуынша, 2023 жылы "Өсімдік әлемі туралы" заң қабылданғаннан кейін Қазақстанда өсімдіктердің есебі – яғни флора кадастрларын жасау басталды. Ғалымдар сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктерді анықтап, оларды қорғау бағытында жұмыс істеп жатыр.

"Біз Алматы облысы өсімдіктерін үш жыл бойы зерттедік. Соның нәтижесінде 11 ғылыми еңбек шығардық, оның ішінде өсімдіктердің әр түрі бойынша 5 кадастр бар. Бұл еңбектер институттың сайтында бар", – деді Полина Веселова. 2024 жылдан бастап ғалымдар Ұлытау облысын зерттей бастады. 2025 жылы бұл өңірде 18 ғылыми экспедиция өтті. Қазір жиналған мәліметтер өңделіп жатыр. "Ұлытау жобасында біз жаңа бағыт бастадық – негізгі ботаникалық аумақтарды анықтау. Бұл өсімдіктердің ең көп кездесетін немесе сирек түрлері бар жерлер. Мұндай аймақтар болашақта ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алуы мүмкін", – деді Веселова.

Институт халықаралық ұйымдармен де жұмыс істейді. 2025 жылы ол Өсімдіктерді сақтау жөніндегі жаһандық әріптестіктің (GPPC) ресми мүшесі болды.

Сондай-ақ қазақстандық ғалымдар Франция, Нидерланд, АҚШ және Ұлыбританияның жетекші ботаникалық орталықтарымен бірлескен жобалар мен экспедициялар өткізген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу