Бұл бастама Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында заң жобасын талқылау барысында көтерілді.
Қазақстанда практик психологтардың қызметін реттеу мақсатында мемлекеттік тізілім құру ұсынылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Депутат Айна Мысырәлімованың айтуынша, жаңа тетік ең алдымен саладағы ашықтықты қамтамасыз етуге және қоғамның мамандарға деген сенімін арттыруға бағытталған. Ұсынысқа сәйкес, еліміздегі барлық практик психологтар міндетті түрде арнайы мемлекеттік тізілімде тіркелуі тиіс.
– Бұл қызмет нарығын жүйелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тиісті біліктілігі жоқ, азаматтарды түрлі айла-тәсілдер арқылы жаңылыстыратын жалған мамандардың қызметін шектеуге жол ашады, – деді депутат.
Аталған бастама қабылданған жағдайда, психологтардың кәсіби мәртебесі нақты айқындалып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы да арта түседі деп күтілуде.
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу