Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеуге кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Басты мақсат – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және риелтор жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету.
Риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидалары бекітіледі
Онда риелторлардың жұмыс тәртібі, клиенттермен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары нақты белгіленеді. Әсіресе, келісімшарттың мазмұнына баса назар аударылады – оның құны, комиссия мөлшері мен төлеу тәртібі, сондай-ақ екі тараптың құқықтары мен міндеттері анық жазылуы тиіс.
Маңызды ұсыныстардың бірі – риелтор қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу. Клиент риелтор кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін қаражат алатынын алдын ала білуі қажет.
Бұдан бөлек, риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту жоспарланған. Министрлік қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет көрсету сапасына, кәсіби әдепке, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Қазіргі уақытта риелторлардың кәсіби стандартты да әзірленуде. Бұл құжат мамандардың кәсіби қызметіне қажетті білімін, дағдыларын және біліктілік деңгейін айқындайды.
Сондай-ақ риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылуда. Бұл жүйе аясында кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар белгілеуге, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және талаптарды бұзған мамандарға қатысты шаралар қабылдауға қатыса алады. Онымен қоса аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі пысықталуда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесі қаралады. Бұл өз кезегінде риелторлардың кәсіби даярлығына нақты талаптар қоюға және олардың біліктілігін растау тәртібін белгілеуге негіз болмақ.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту де көзделген. Министрлік депутаттармен бірлесіп, азаматтарға қажетсіз қызметтерді мәжбүрлі түрде ұсынуға, келісімшартқа тұтынушы үшін тиімсіз талаптар енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу үшін қосымша заңнамалық шараларды талқылап, өзгертеді.
Көптеген дамыған елде риэлтор болу үшін лицензия алу, кәсіби емтихан тапсыру және арнайы білім қажет. Ал Қазақстанда бұл сала толық реттелмеген. Сондықтан кейде тәжірибесіз делдалдардың пайда болуы қоғамдағы сенімге әсер етеді.
Риэлторлық қызмет – тек табыс табудың жолы емес. Бұл – адамдардың өміріндегі маңызды шешімдердің ортасында жүретін жауапкершілігі жоғары кәсіп. Ал баспана – адамның өміріндегі ең үлкен арманның бірі. Сол арманға апаратын жолда риэлтордың кәсібилігі мен адалдығы ерекше маңызға ие.