banner

Қазақстанда шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны төмендеді

2022 жылдың IV тоқсанында сауда мен құрылыста сұраныс төмендейді деп күтіледі. 

Қазақстанда шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны төмендеді

Бұл туралы Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявскийдің түсіндірмесінде жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Бас банк 2022 жылдың ІІІ тоқсанында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады. 

Нақты сектордағы кәсіпорындарда жүргізілген сауалнаманың қорытындысы өңдеуші өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында дайын өнімге сұраныс жақсарғанын және көлік саласында нашарлағанын көрсетті. 

"Сауда мен құрылыста сұраныс көрсеткіштері теріс аймақта тұр. 2022 жылдың IV тоқсанында сұранысқа қатысты жағдай біршама нашарлайды деп күтіледі.

Тау-кен өнеркәсібінен басқа барлық салада шикізат пен материал бағасының өсу қарқыны төмендеді. Дайын өнімнің бағасы да өсу тұрғысынан баяулады. 2022 жылдың IV тоқсанында шикізат, материалдар мен дайын өнімнің бағасы өсу жағынан баяулайды деп күтіледі.

Өндірістік қуаттың жүктемесі барлық салада артты. Құрылыстағы бағаның өсу қарқыны әлдеқайда жоғары болғаны байқалды. Өндірістік қуат жүктемесінің жоғары деңгейі тау-кен өнеркәсібінде сақталып отыр.

Мониторингке сәйкес, кәсіпорындардың 35,6%-ы үшін Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнес жүргізуге кедергі. Экономиканың хал-ахуалынан басқа нарықтық бәсекелестік (28,7%), салық ауыртпалығының деңгейі мен сұраныс (23,4%-дан), білікті кадрлардың жетіспеуі (22,3%), дебиторлық берешекті қайтарудың күрделілігі (13,4%) сияқты факторлар да маңызды саналады, бұл ретте маңыздылығы жағынан қаржыландыруға қатысты қолжетімділік 8-орында (12,7%) тұр", – деп түсіндірді Денис Чернявский.

Сату рентабельділігінің артуы – тау-кен өндіру саласында, төмендеуі – ауыл шаруашылығында, құрылыста және көлік пен қойма саласында байқалды. 

Саудада рентабельділік көрсеткіші бұрынғы қалпында сақталды (21,3%).

Сауалнамаға барлығы 2,6 мыңнан астам өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қойма кәсіпорындары қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу