Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

410

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпейді.  

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды Фото: gov.kz

Жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан мен Starlink Mobile компанияларының бірлескен жұмысы арқылы іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Технология жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде үйлесімді смартфон арқылы байланыс қызметтерінің жекелеген түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді. Үйлесімді смартфон Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктеріне тікелей қосыла алады. Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылып отыр.

Сол жылдың қарашасында министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Ал желтоқсанда алғашқы тәжірбиелік сынақтар өткізілген.

– Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Министрдің айтуынша, жаңа технология шалғай аудандарда байланысқа қолжетімділікті арттырады. Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырады. Ол шалғай аудандарда, қала сыртындағы трассаларда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу