Қазақстанда студенттердің ЖИ дағдыларын дамыту үшін Coursera кеңінен қолданылады

177

​Қазақстан жоғары оқу орындарында халықаралық Coursera платформасын пайдалануды кеңейтіп, онлайн-курстарды білім беру бағдарламаларына енгізуді күшейтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстанда студенттердің ЖИ дағдыларын дамыту үшін Coursera кеңінен қолданылады Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бұл туралы Астанада өткен FWD Virtual 2026 халықаралық іс-шарасы аясындағы "Жасанды интеллект дәуірінде кадрларды еңбек нарығына дайындау" тақырыбындағы панельдік сессияда айтылды.

Жиында жасанды интеллект дәуіріне қажетті мамандарды даярлау, цифрлық және адами дағдыларды жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңарту және түлектердің еңбек нарығына бейімделуі талқыланды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Coursera-мен ынтымақтастығы соңғы үш жылда жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

"2023 жылы Coursera платформасын 25 өңірлік университетте қолданудан бастадық. Қазір ол Қазақстандағы 100 жоғары оқу орнында пайдаланылады. Бұған қоса, онлайн-курстар білім беру бағдарламаларына енгізіліп, олардың нәтижелері оқу нәтижесі ретінде танылып, академиялық кредитке қайта есептелетін жүйе қалыптасты. Бұл студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа білім мен дағдыларды икемді түрде меңгеруге мүмкіндік береді", – деді министр.

2023-2025 жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына Coursera-ның 11 984 онлайн-курсы енгізілген. Осы кезеңде студенттерге 211 726 академиялық кредит қайта есептеліп, 190 630 білім алушының платформада алған білімі ресми түрде танылған.

Жасанды интеллект бағытындағы оқуға да сұраныс артқан. 2025 жылы 98 044 білім алушы ЖИ салалары бойынша 109 987 сертификат алған. Coursera AI-Sana бағдарламасы аясында жасанды интеллект дағдыларын меңгеруге мүмкіндік беретін негізгі платформалардың біріне айналды.

Министрдің айтуынша, білім алушылар алған білімін практикалық жобаларда да қолданып жүр. Қазақстандық студенттер ЖИ технологияларын пайдаланып, 100-ден астам стартап пен қолданбалы жоба әзірлеген. Олардың қатарында ым тілін аударуға арналған SignBridge, мемлекеттік сатып алуларға пост-аудит жүргізетін Baqylay.kz және церебралды сал ауруы бар балаларға арналған SmartWalk жобасы бар.

Платформадағы контентті қазақ және орыс тілдеріне бейімдеу жұмысы да жалғасып жатыр. Қазір 171 курс локализацияланған. Ал 16 қазақстандық жоғары оқу орны Coursera-да өздерінің жаппай ашық онлайн-курстарын орналастырған. Сонымен бірге 2 мыңнан астам оқытушы Course Builder бағдарламасы бойынша білім алуға мүмкіндік алған.

Жобаны іске асыруға "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры мен Bilim Upskill ұйымы да атсалысып келеді. Қордың қолдауымен 2023 жылы жоба 25 жоғары оқу орны мен 23 мың студентті қамтыған.

Жалпы, бүгінге дейін 255 мыңнан астам қазақстандық Coursera сертификатын алған. Платформа арқылы берілген сертификаттардың жалпы саны 554 784-ке жетті.

Қазақстан мен Coursera ынтымақтастығының 2028 жылға дейінгі жаңа кезеңінде жоғары оқу орындарына жыл сайын кемінде 30 мың лицензия беру жоспарланып отыр. Бұл кезеңде ЖИ курстары мен микробіліктіліктерді оқу бағдарламаларына енгізуге және еңбек нарығына қажетті дағдыларға қарай мамандар даярлау мазмұнын жедел жаңартуға басымдық берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу