Елімізде су тасқынын алдын ала болжауға, су қоймаларының жұмысын модельдеуге және су ресурстарының келу көлемін бағалауға мүмкіндік беретін Су ресурстарының ақпараттық орталығы іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вице-министрдің айтуынша, орталықты құру және оның жұмысын ұйымдастыру мәселесі Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауында да айтылған.
– Қазіргі уақытта орталық ашылды, қажетті жұмыстардың бәрі жүргізілді. Енді ол су тасқынын болжаумен айналысады. Сондай-ақ "Қазгидрометпен" бірлесіп, су көлемінің болжамын жасайды, – деді Жандос Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жаңа орталық су шаруашылығы нысандарының, соның ішінде су қоймаларының жұмысын модельдейді. Мамандар олардың жай-күйін, су қозғалысын, су қоймаларына келетін су көлемін бақылап, алдағы кезеңдегі су ресурстарының болжамды мөлшерін бағалайды.