Су ресурстары және ирригация министрлігінің "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ су тұтыну көлемін ерте болжау жүйесін әзірлеуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба аясында Қазақстанның оңтүстігіндегі ирригация инфрақұрылымына қатысты бірыңғай деректер базасы жасалады. Сондай-ақ суармалы жерлердің нақты шекарасы анықталып, ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайын бақылау үшін жерді қашықтан зондтау технологиялары қолданылады.
Жаңа жүйе су пайдалануға қатысты негізгі процестерді цифрландыруды көздейді. Атап айтқанда, су алуға өтініш беру, келісімшарт жасау және су тұтынуды есепке алу сияқты қызметтер электронды форматқа көшіріледі. Сонымен қатар жүйе ғарыштық мониторингтің көмегімен суды заңсыз пайдалану және ауыл шаруашылығы жерлерін рұқсатсыз суару фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
"Бұл жоба су ресурстарын бөлудің ашықтығын арттыруға, суармалы суды пайдалану бақылауын күшейтуге және ауыл шаруашылығында су ресурстарын басқарудың заманауи цифрлық құралдарын енгізуге бағытталған", – деді "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.