Қазақстанда 95 көкөніс қоймасы қолданысқа берілді

263

Нысандардың жалпы сыйымдылығы 745,6 мың тоннаны құрайды.   

Қазақстанда 95 көкөніс қоймасы қолданысқа берілді Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Былтыр көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жобалары 11 облыс пен Шымкент қаласында іске асырылды. Өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Көкөніс және жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қоймаларын арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі Кешенді жоспарды іске асырды.

Онда жалпы сыйымдылығы 689,9 мың тоннаны құрайтын 92 жобаны іске асыру көзделген. 2023-2025 жылдардың қорытындысы бойынша 95 көкөніс қоймасы пайдалануға берілді, олардың жалпы сыйымдылығы 745,6 мың тонна.

Одан әрі дамыту мақсатында мемлекет тарапынан инвестициялық қолдау шаралары қарастырылған. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің инвестициялық салымдар кезінде жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуді субсидиялау қағидалары шеңберінде №22 "Сыйымдылығы 1 000 тоннадан басталатын картоп-көкөніс қоймаларын салу, кеңейту" жобасының паспорты қолданылады.

Инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу мөлшері 25%-дан 40-50%-ға дейін ұлғайтылды. Нысанның жабдықталуына қарай салқындату жабдығы бар жобаларды субсидиялау мөлшері 50%-ға дейін, ал желдету жабдығы бар жобалар үшін 40%-ға дейін белгіленген.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы тарату бағдарламасы шеңберінде көкөніс қоймаларын салуды жеңілдетілген қаржыландыру көзделген.

Жобаларды қаржыландыру сенім білдірілген агент арқылы жылдық 2,5% мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады.

Жалпы, елімізде сыйымдылығы 2,56 млн тоннаны құрайтын 941 көкөніс қоймасы жұмыс істейді.

Облыстар бойынша нақты мәліметтерге сүйенсек:

  • Павлодар облысында – 591,5 мың;
  • Жамбыл облысында – 375 мың; 
  • Қарағанды облысында – 357,8 мың; 
  • Түркістан облысында – 184,9 мың;
  • Шымкент қаласында – 130,5 мың;
  • Алматы облысында – 128,2 мың;
  • Маңғыстау облысында – 105,5 мың;
  • Ақмола облысында – 104,8 мың;
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 104,8 мың тоннаны құрайды.

Сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары өңірлердің қажеттіліктері мен өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ескере отырып, әрі қарай жалғастырылатын болады.

Әсіресе, картоп, көкөніс және жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруге маманданған өңірлерге баса назар аударылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу