CCB – Қытайдағы ең ірі мемлекеттік коммерциялық банктердің бірі. Банк 1954 жылы құрылған, штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазір оның Қытайда мыңдаған бөлімшесі бар, ал шетелде 30-дан астам ел мен өңірде 200-ден астам құрылымы жұмыс істейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банк басшылығының өкілдері China Construction Bank (CCB) төрағасы Чжан Цзиньлянмен кездесті. Қазақстанның банк секторының жай-күйі мен даму перспективалары, екіжақты қаржылық ынтымақтастық, оның ішінде Қазақстанда CCB еншілес банкін құру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді.
CCB Қазақстан нарығына жаңа компания емес. Оның Астанадағы филиалы Астана халықаралық қаржы орталығының лицензиясы негізінде жұмыс істейді. Филиал корпоративтік банкинг, халықаралық сауда қаржыландыруы, жобалық қаржыландыру және басқа да қызметтер көрсетеді.
Егер CCB Қазақстанда жеке еншілес банк ашса, Қытай капиталы қатысатын банктердің қатары тағы бір қаржы ұйымымен толықпақ. Бұл ретте Қазақстанда Қытайдың басқа да банк құрылымдары жұмыс істеп келеді. Мысалы, Bank of China Kazakhstan 1993 жылы құрылған және қазір корпоративтік әрі жеке клиенттерге қызмет көрсетеді.