Қазақстанда "тау омбудсмендері" пайда болуы мүмкін

572

Белсенді демалысты дамытудың ұлттық жоспары дайындалып жатыр.

Қазақстанда "тау омбудсмендері" пайда болуы мүмкін

Экологиялық туризм сарапшылары пандемия біткеннен кейін белсенді демалыс орындарына сұраныс артатынын болжап отыр. Табиғаты мен географиясы ерекше бола тұрып, туризмі кенже қалған Қазақстан сияқты елдер үшін бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалану үшін Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен ел үкіметі ұлттық жоспар дайындап жатыр. Орталық коммуникациялар қызметінде осы жоспардың алғашқы нобайы таныстырылды.

"Нұрсұлтан Назарбаев қорының, Үкіметтің бастамасымен экономикадағы салалық өзгерістерге дайындық бағдарламасы қолға алынған. Бағдарлама аясында 11 салалық команда құрылған. Осы 11 команда өзгерістердің жоспарын жыл соңына дейін дайындап беруі керек. Қазақстан алпинклубы осы жоспардың іске асырудың тетігі болмақ. Алпинклуб "белсенді демалыс қауіпсіздігі", "тауларға саяхаттаудың стандарттары", "тау омбудсмендері", таудағы демалысты сақтандыру" сияқты ұғымдарды насихаттап қалыптастырады. Осы жоспар аясында халықаралық деңгейде белсенді демалысты сақтандырудың арнайы нұсқасы жасалады. Демалыс кезінде зардап шеккендер сол сақтандыру жүйесі арқылы шығынының бір бөлігін талап ете алуы керек. Мұның бәрі шетелдік туристерді тартуға ыңғайлы", –   дейді "Алматы облысының туристік кластері" қауымдастығының мүшесі Тимур Дүйсенғалиев.

Тимур Дүйсенғалиев – өзі айтқан Салалық өзгерістерге дайындық бағдарламасының менторы. Ол белсенді демалысты ішкі туризм есебінен ғана дамыту қоршаған ортаны күтпеген қиындықтарға тап қылуы мүмкін екенін айтады. Карантин кезінде Көбейтұзды былғап, Каспидің итбалығына қол жұмсағандар сарапшының сөзіне дәлел. 

"Таудың экожүйесі ерекше нәзік болып келеді. Туризмді дамыту арқылы табиғатты бүлдіріп алмау керек. Альпинистер қозғалысының 200 жылдан астам тарихы бар. Осындай орасан тәжірибені  Қазақстанға әкелуіміз керек. Қазір соның сәті түсіп  тұр. "Экологиялық мәдениет екпесін" салу мемлекеттің қолынан келмей жатыр. Біздің тауларды туристерге насихаттаудың тікелей жолы осы алпинклуб. Халықаралық алпинклубтар жүйесі 10-12 млн белсенді, жауапты туристі қамтиды. Егер осы аудиторияның бетін бері қарата алсақ, Қазақстан әлемге қызықты болады. Пандемиядан кейін белсенді туризм бұрқ етіп дамиды. Сол кездегі бәсекеге дайын болуымыз үшін осы шаралар істелуі керек", –дейді Тимур Дүйсенғалиев. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу