Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, елімізде баланың денсаулығын перинаталдық кезеңнен бастап 17 жасқа дейін үздіксіз бақылауды көздейтін бірыңғай қолдау моделі енгізілген. Жүйе аурулардың алдын алу, ерте анықтау және балаларды медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Соңғы жылдары балаларға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқан. Егер бұрын бұл мақсатқа 264 млрд теңге бөлінсе, қазір көрсеткіш 585 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы шығындарының шамамен төрттен бірі балалар денсаулығын сақтауға жұмсалады.
Министрліктің дерегінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы нәрестелер өлімі 7,5 есеге төмендеген.
Балалар денсаулығын нығайту бағытында "Алғашқы 1001 күн" жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол патронаждық қызметті дамытуға, скринингтік бағдарламаларды кеңейтуге, ана сүтімен қоректендіруді қолдауға және ерте жастағы балалардың ұлттық тізілімін қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының балалардың даму мониторингі бойынша GMCD нұсқаулығы енгізілуде. Бұл құрал балалардағы даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жанында ерте араласу және даму орталықтары жұмыс істейді. Соңғы бір жылда елімізде дамуында ерекшеліктері бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдауға арналған 386-дан астам орталық ашылған.
Медициналық оңалту жүйесі де кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстанда балаларға арналған 81 оңалту орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар мектеп медицинасы дамытылып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының "Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер" бастамасы аясында 1677 мектеп қамтылған.
Министрлік мәліметінше, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы шеңберінде алдағы жылдары 10 көпбейінді балалар стационарын салу, 11 өңірде балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу және балалар медицинасының инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған.
Ведомствоның атап өтуінше, қабылданып жатқан кешенді шаралар балалар мен нәрестелер өлімін азайтуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және балалар денсаулығын сақтаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.