Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді

254

Мониторинг қорытындысы бойынша 7 144 нұсқама берілді.  

Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді Фото: style.rbc.ru

Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында туберкулезбен сырқаттанушылық 11%-ға төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауру жағдайлары 3 265-тен 2 919-ға дейін азайып, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 14,23 болды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында айтылды. Туберкулездің алдын алу бойынша жұмыстың негізгі нәтижелерін Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова таныстырды.

Жасөспірімдер арасында сырқаттанушылық 20,4%-ға, ал туберкулездің қайталану жағдайлары 12,1%-ға қысқарды. 14 жасқа дейінгі балалар арасында да оң динамика байқалады. Дегенмен балалардағы жағдайлардың үштен біріне жуығы медициналық көмекке өздігінен жүгінгеннен кейін анықталған. Осыған байланысты ауруды ерте диагностикалауды күшейту қажет.

Жоғары қауіп тобындағы азаматтардың 95,9%-ы флюорографиялық тексеруден өтті. Нәрестелерді БЦЖ вакцинациясымен қамту 88,5%-ды құрады.

Сәуір-маусым айларында денсаулық сақтау нысандарына мемлекеттік бақылау аясында мониторинг жүргізіліп, қамту деңгейі 99,6%-ға жетті. Негізгі назар инфекциялық бақылау талаптарының сақталуына, профилактикалық тексерулерді ұйымдастыруға және балалар арасында туберкулезді ерте анықтауға аударылды.

Мониторинг қорытындысы бойынша 7 144 нұсқама беріліп, оның 60%-дан астамы орындалды. Анықталған бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.

Жиын қорытындысында өңірлерге ауруды ерте анықтауды күшейту, диспансерлік бақылау сапасын арттыру және туберкулезбен байланыста болған адамдарды толық тексеруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу