Қазақстанда тұмауға байланысты жаңажылдық ертеңгіліктерге шектеу қойылуы мүмкін

1449

Мамандардың болжамынша, желтоқсанда ауруды жұқтыру көрсеткіші өсуі ықтимал.

Қазақстанда тұмауға байланысты жаңажылдық ертеңгіліктерге шектеу қойылуы мүмкін Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Елімізде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуы күшейсе, жаңажылдық ертеңгіліктер мен балаларға арналған бұқаралық іс-шараларға шектеу қойылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Соңғы аптада еліміз бойынша ЖРВИ жұқтыру көрсеткіші төмендеген. Сондықтан әзірге мерекелік шараларды өткізуге шектеу қоюға негіз жоқ.

"Мамандардың болжамынша, сырқаттану көрсеткішінің қарқынды өсуі әдетте желтоқсан-қаңтар айларына, соның ішінде Жаңа жыл мерекесі кезеңіне сәйкес келеді. Өйткені бұл уақытта бұқаралық іс-шаралар көп өтіп, адамдар арасындағы байланыс артады. Сырқаттанудың нақты қай уақытта күшейетінін қазір айта алмаймын. Алайда ауру көрсеткіші одан әрі өседі деп болжап отырмыз.

Егер бұл жаңажылдық іс-шаралар кезеңіне сәйкес келсе, шектеу шаралары қабылданады. Эпидемиологиялық жағдайды күн сайын бақылап, талдап отырамыз", – деді еліміздің бас санитары.

Қыркүйектен бері Қазақстанда ЖРВИ жұқтырудың 1,5 миллионға жуық жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы эпидемиологиялық маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға аз. Тек соңғы аптада 133 мыңнан астам адам ауырған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 24 қарашада тұмау мен ЖРВИ жұқтыру қаупін қалай азайтуға болатынын түсіндірді.

Дәрігерлер қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға кеңес береді:

  • қолды үнемі жуу,
  • үй-жайларды желдету,
  • науқас адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу.

"ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда үйде қалып, қажет болған кезде медициналық көмекке жүгіну ұсынылады", – делінген мамандар кеңесінде.

Қазақстанда тұмауға қарсы 2 миллионнан астам адам вакцинациялаудан өтті. 2 065 649 адам вакцина алған, бұл жоспарланған қамтудың 93,9%-ын құрайды. Вакцина еліміздің барлық өңірінде қолжетімді.

Республикада инфекциялық аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін 13 335 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Қазіргі уақытта олардың 63%-ы, оның ішінде балаларға арналған төсек-орындардың 69,4%-ы қамтылған.

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды және медициналық ұйымдардың маусымдық жүгінудің өсуіне дайындығын бақылауды жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу