Қазақстанда туризмді дамытатын тағы бір маңызды орталық пайда болады

Премьер-министрдің тапсырмасымен Байқоңыр кешенінде туризмді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітіліп отыр.   

Қазақстанда туризмді дамытатын тағы бір маңызды орталық пайда болады Фото: total.kz

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, министрлік Байқоңыр кешенінің туристік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Құжат халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруға және саланың тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру аясында шетелдік туристер үшін рұқсат беру рәсімдері жеңілдетілді. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл кешеннің шетелдік қонақтар үшін қолжетімділігін арттырып, ғарыш аппараттарының ұшырылымдарын тамашалауға арналған туристік бағдарламалардың дамуына серпін береді. 

Туризмді дамытуға Қазақстанның қарамағына бірқатар нысанның берілуі де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Олардың қатарында Гагарин ұшу алаңы, монтаждау-жанармай құю кешені және динамикалық сынақтар стенді бар. Аталған нысандардың туристік әлеуеті жоғары. Олар ғылымға, технологияға және ғарыш тарихына қызығатын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін маңызды тартымдылық орталығына айнала алады. Қазіргі уақытта нысандарды жаңғыртуға және заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыруға мүдделі инвесторларға арналған инвестициялық ұсыныстар әзірленген. Сондай-ақ, ұшырылымдар арасындағы кезеңде оқиғалы туризмді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бастама жыл бойы тұрақты туристік ағын қалыптастыруға және кешеннің қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. 

Байқоңырды әлемдік деңгейдегі туристік орталық ретінде дамыту – туризм саласын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Бұл Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы ұстанымын нығайтып, елдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу