Қазақстанда ветеринария саласын жаңғыртуға 144,9 млрд теңге бөлінеді

420

​Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ветеринариялық бақылау және қадағалау саласының биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелерін талқылап, алдағы міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстанда ветеринария саласын жаңғыртуға 144,9 млрд теңге бөлінеді Фото: gov.kz

Министрдің айтуынша, қазіргі ветеринариялық жүйе тек аурулардың алдын алумен шектелмей, қауіп-қатерлерді алдын ала анықтап, мал шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.

"Ветеринариялық қызмет заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі керек. Осы мақсатта 2026–2030 жылдарға арналған саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжатта ветеринариялық инфрақұрылымды күшейту, өнімнің “фермадан үстелге дейін” толық қадағалануын қамтамасыз ету және жүйені жаңғырту қарастырылған", – деді Айдарбек Сапаров.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімовтің мәліметінше, аталған жоспарды жүзеге асыруға 144,9 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде 2026–2027 жылдары ветеринариялық нысандарды дамытуға 66,2 млрд теңге бөлініп, 2 399 нысан салынып, жаңғыртылады.

Бұл ауылдық жерлердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттырып, аурулардың алдын алу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар салада цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ақпараттық жүйелер жетілдіріліп, жануарларды карантинге қою үдерістері автоматтандырылып, мал өнімдерінің қозғалысын бақылау жүйесі дамытылуда.

Қазірдің өзінде мал сою кәсіпорындарында ұшаларды штрих-кодпен белгілеу жүйесі енгізілсе, қоғамдық тамақтану орындары ветеринариялық-санитариялық сараптама жүйесіне қосылып жатыр. Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жануарлар ауруларының таралуын алдын ала болжауға арналған құралдар әзірленуде.

Министрлік мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан аусыл, жылқының африкалық обасы, шошқаның классикалық және африкалық обасы, құс тұмауы секілді қауіпті аурулар бойынша халықаралық мәртебелерін сақтап қалды.

Жиын соңында Айдарбек Сапаров ветеринариялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, мемлекеттік бақылауды күшейтуді және жоспарланған шараларды уақытылы орындауды тапсырды.

"Мал шаруашылығының дамуы, отандық өнімнің қауіпсіздігі және экспорттық мүмкіндіктер ветеринариялық қызметтің сапалы жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан барлық міндеттер жүйелі әрі нәтижелі орындалуы қажет", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу