"Астана" халықаралық қаржы орталығының Соты елдегі 6 криптоплатформаға цифрлық активтер қызметін көрсетуге, ұсынуға және жарнамалауға тыйым салды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мұндай шешім 2026 жылғы 15 қыркүйекте қабылданды. Дәл осындай шектеулер Google мен Apple компанияларына да қатысты қабылданып отыр. Олар енді өздерінің қосымшалар дүкендерінде (Google Play мен App Store) аталған платформаларды Қазақстан аумағында бұғаттауы тиіс.
Сот өз шешімінде рұқсатсыз цифрлық активтер қызметін көрсету АХҚО реттеу жүйесінің тұтастығына нұқсан келтіретінін атап өтті. Бұдан бөлек, заңсыз платформалар адал жұмыс істеп жатқан компанияларға кедергі келтіреді. Себебі лицензиясы бар қатысушылар қаржылық қауіпсіздікті сақтауға, заңсыз ақшаны заңдастыруға жол бермеуге және клиенттерді тексеруге арнайы қаржы жұмсайды, ал заңсыз криптобиржалар мұндай шығындардан қашады.
AFSA бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, лицензияланбаған криптоплатформаларға қарсы жұмыс 2025 жылы басталған. Сол кезде 20-дан астам платформаға жазбаша ескерту жолданған.
"2026 жылдың басында AFSA лицензиясыз жұмысын жалғастырған платформаларға қатысты сот тыйымдарын шығару туралы талап арыздармен АХҚО сотына жүгінді. Тиісті сот шешімдері мұндай сервистерге қолжетімділікті шектеу үшін Google Play және Apple App Store қосымша дүкендерінің операторларына жіберіледі. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде тоғыз криптоплатформа Google Play мен Apple App Store арқылы Қазақстандағы өз қосымшаларына қолжетімділікті ерікті түрде шектеді, осыған байланысты AFSA оларға қатысты талап арыздарын кері қайтарып алды.
Тағы жеті платформа AFSA-дан цифрлық активтер айналымын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыруға лицензия алу ниетін білдірді. Алты криптоплатформаға қатысты сот тыйымдары негізінде қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеу шаралары қолданылады", – деді Евгения Богданова.
Сонымен бірге AFSA лицензиясы жоқ платформалардың бақылауда болмайтынын ескертті. Оларды пайдаланатын азаматтардың активтері қорғалмайды. Егер қандай да бір дау немесе шағым туындаған жағдайда құқықтары қорғалмайды.