Қазақстанның өңірлерінде өтіп жатқан "Дала дәмі" ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне осы аптада 7 568 тонна өнім жеткізілді. Оның 400 тоннадан астамы Астанада сатылымға шығарылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дала дәмі" жәрмеңкелері елде үшінші апта қатарынан ұйымдастырылып отыр. Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен өтетін шарада отандық фермерлер өнімдерін делдалсыз, тікелей тұтынушыларға ұсынады.
Осы демалыс күндері елордада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облысының шаруалары сауда жасайды. Ведомство мәліметінше, жәрмеңкелердегі бірқатар тауардың бағасы нарықтағы құнынан 15-20 пайызға төмен.
Мәселен, Астанада сиыр және жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден сатылса, Қостанайда сиыр еті 3 200-3 500 теңге, жылқы және қой еті 3 мың теңгеден басталған. Жәрмеңке сөрелерінен ет пен сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, балық, дәнді дақылдар және басқа да отандық тауарларды сатып алуға болады. Әсіресе ет өнімдеріне сұраныс жоғары.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – фермерлердің өнімдерін делдалсыз тікелей сатуы. Сауда орындары жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тегін беріледі.
"Дала дәмі" жәрмеңкелері еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын ұйымдастырыла береді.