Қазақстанда жас ғалымдарға жағдай жасала бастады

501

Сондай-ақ, жас ғалымдарды қолдау мақсатында елімізде арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. 

Қазақстанда жас ғалымдарға жағдай жасала бастады Фото: pixabay.com

Қазақстан жас ғалымдар үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруға ұмтылып жатыр. Ғалымдарға қолдау көрсету қажеттігі және елімізде ғылыми кадрлардың тапшылығы жүйелі түрде талқыға салынып келеді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Еnergyprom мониторинг ресурсына сілтеме жасап жазады.

Мысалы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 90-шы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде Қазақстанның 30 мыңнан астам ғалымнан айрылуы — еліміздің ғылыми әлеуетіне ауыр соққы болғанын алға тартты.

Сондай-ақ, жас ғалымдарды қолдау, оларды ел ішінде қалдыру мақсатында түрлі шаралар атқарылып жатыр. Сонымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов жаңартылған заң жобаларының арқасында қазақстандық ғалымдар үздіксіз, тұрақты жалақы алып, грантқа тәуелді болмайтынын түсіндірді.

Бұдан бөлек, "Отбасы банкі" арқылы жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ететін маңызды бағдарлама — жеңілдікпен несиелендіру қолға алынды.

Соның ішінде әлеуетті қарыз алушылардың тізімінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты 53 ұйымның жас ғалымдары бар.

Бағдарлама жас ғалымдарға алғашқы пәтерін сатып алуға және сәйкесінше туған елінің игілігі үшін ғылыми зерттеуді жалғастырып, Қазақстанда қалуға септігін тигізеді.

Бағдарлама бойынша несиенің максималды сомасы — 20 млн теңге, несие мерзімі — 19 жылға дейін, мөлшерлемесі — бар болғаны жылына 5%-ды (ЖТПМ — 5,2%-дан бастап) құрайды.

Жас ғалымдар ең көп дегенде 20 млн теңге несие алса, алғашқы сегіз жылда ай сайынғы төлем мөлшері — 155 мың теңге, одан кейінгі жылдары 84 мың теңгеге дейін төмендейді.

Осылайша, Отбасы банкі мен тиісті министрлік ғылыммен және зерттеумен айналысатын жастардың өмірін жайлы етіп, Қазақстанның академиялық ортасын жақсартуға жағдай жасап отыр.

Айта кету керек, бағдарлама 1 желтоқсаннан бастап іске қосылды.

Соның ішінде алғашқы айда 16 ғалым 311 миллион 415 мың теңге несие алып үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу