Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде қолдану бағыттары, жетілу деңгейі және клиникалық маңыздылығы бойынша жіктелген 50-ден астам MedTech шешімі талданған, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
Жобалардың басым бөлігі диагностиканы жетілдіруге, оңалту үдерісін жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық деректерді өңдеуге бағытталған.
– Атап айтқанда, инсультті, өкпе мен сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ стоматологиялық бейнелерді талдау саласындағы басым жасанды интеллект жобаларының тізбесі қалыптастырылды. Бұл шешімдер қазірдің өзінде еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі медициналық ұйымдарда енгізіліп, ауқымы кеңейтіліп жатыр, – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында.
Сонымен қатар медициналық қызметтердің сапасын талдау және басқару, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау үшін жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.