Қазақстанда жол құрылысына өңделген қалдық қолданылады

160

Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.  

Қазақстанда жол құрылысына өңделген қалдық қолданылады Фото: uralskweek.kz

Елімізде техногенді-минералды түзілімдерді қолдану көлемін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоспар аясында тау-кен өндіру, тау-кен-қайта өңдеу және энергетикалық өндірістердің пайдалы құрауыштары және пайдалы қазбалары бар қалдықтарының шоғырын жол құрылысына пайдалану бойынша кешенді шараны жүзеге асыру көзделген.

Сарапшылардың айтуынша, қайта өңделген техногенді шикізатты қолдану инфрақұрылымдық жобалардың құнын төмендетіп әрі қоршаған ортаға экологиялық жүктемені едәуір азайтады.

"Қайта өңделген қалдықтарды жол салу және жөндеу жұмыстарына тиімді қолдануға болады. Мұндай материалдар сапасы жағынан дәстүрлі материалдардан кем түспейді. Бұл – бәріне тиімді шешім: мемлекет шығынды азайтады, кәсіпорындар қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешеді, ал қоршаған орта тазарады", – деп атап өтті "ҚазжолҒЗИ" АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Сонымен қатар қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылып отыр.

Қазіргі уақытта өңірлерде өндірістік шикізатты ғылыми зерттеу жұмыстары басталды. Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өндірістік қалдықтарды жол салу саласында пайдалану мүмкіндігін кешенді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылатын материалдардың тізімі жасақталып, оларды жол-құрылыс материалдарының Бірыңғай базасына енгізілмек.

Өндірістік қалдықтарды құрылыс саласында қайта өңдеп қолдану әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Ол бір уақытта бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: табиғи ресурстарды үнемдеу, құрылыс шығындарын азайту, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету және қалдықтарды қайта өңдеу нарығын дамыту.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу