Бұл мәселенің мән-жайын inbusiness.kz тілшісі зерттеп көрген еді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мәселелерді шешу үшін бірнеше уақытша тетікті қарастырып жатыр. Олардың қатарында сақтандыру пулын және сақтандыру маркетплейсін құру бар. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша төлем жүктемесі жоғары кейбір сақтандыру компаниялары осы бағытта арнайы пул құру туралы бастама көтерген. Оның негізгі мақсаты – міндетті автосақтандыру саласындағы тәуекелдерді бөлісу. Себебі, нормативтік реттеудің бірнеше жыл бойы өзгеріссіз қалуы саланың бірқатар мәселесін ушықтырған. Соның бастысы – сақтандыру компаниялары шығындарының күрт өсуі. Соның салдарынан сақтандырушылар бұл сегменттегі сақтандыру сыйлықақыларының көлемін арттыруға мүдделі болмай отыр. Ал клиенттер міндетті автосақтандыру полисін сатып ала алмай жүргеніне жиі шағымданады.
Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылдың қазан айының басында көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша қолданыстағы шарттар саны 4 млн 315 мың бірлікті құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 4 млн 431 мың шарттан аз. Резервтер мен шығындарды есепке алғанда, сақтандырудың нақты шығындылық деңгейі 130-170 пайыздан асқан. Яғни, жиналған әрбір 1 теңге сақтандыру сыйлықақысына 1,3-1,7 теңге көлемінде төлем мен шығын келеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов inbusiness.kz тілшісіне сақтандыру нарығының міндетті автосақтандыру бойынша пул құру бастамасын растады.
– Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру тарифтері заң деңгейінде қатаң реттелгендіктен, баға белгілеуде жеткілікті икемділік жоқ. Сонымен қатар такси саласында каршеринг секілді цифрлық платформалар пайда болды. Мұндай көлік жүргізушілерінің апатқа ұшырау жиілігі қарапайым азаматтарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазір жалпы сектордағы сақтандыру сыйлықақылары компаниялардың жол-көлік оқиғалары кезінде жұмсайтын шығындарын жабуға жеткіліксіз. Шығындылық деңгейі 100 пайыздан асып кетті, жиналған сыйлықақылар жөндеу жұмыстарының барлық шығынын өтеуге жетпейді, – деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, реттеуші бұл мәселені бірнеше бағыт бойынша шешуге күш салып жатыр. Негізгі мақсат – сақтандыру туралы жаңа заң аясында баға белгілеу. Бұл ретте тарифтерді заң деңгейінде емес, нормативтік құқықтық актілер деңгейінде реттеу көзделген. Құрылып жатқан Бас актуарий институты тарифтік дәліздердің экономикалық негіздемесін әзірлейді.
– Бұл ретте сақтандыру компанияларына барынша икемділік береміз. Олар өздерінің скорингтік модельдерін әзірлей алады. Егер сіз көлікті ұқыпты жүргізіп, жол апатына ұшырамасаңыз, сақтандыру үшін аз төлейсіз. Ал жол-көлік оқиғаларына жиі кінәлі болсаңыз, полис құны жоғары болады. Мұндай тәсіл осы секторда әділ баға белгілеуге мүмкіндік береді, – деді Нұржан Тұрсынханов.
Десе де, жаңа заң қабылданғанға дейін уақытша шешімдер қажет. Заңның қабылдануы 2027 жылдың екінші жартысынан ерте күтілмейді. Сондықтан, реттеуші әзірге бірнеше баламалы тетікті қарастырып жатыр.
Біріншісі – нарық өкілдерінің міндетті сақтандыру пулын құру бастамасын қолдау. Агенттік өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта жалпы сақтандыру саласында лицензиясы бар 15 компанияның көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша клиенттік жүктемесі әртүрлі. Кейбір компаниялардың клиенттері көп болса, енді бірінде аз.
Пулға міндетті автосақтандыру бойынша лицензиясы бар сақтандыру компаниялары бірігеді. Олардың әрқайсысы белгілі бір мөлшерде тәуекел мен клиенттік жүктемені өз мойнына алады. Сақтандыру компанияларының полис бергісі келмейтін, жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайтын клиенттер де бар. Реттеуші өкілінің пікірінше, бұл мәселені шешу үшін нарық қатысушылары өзара ынтымақтасуы керек. Пул құру жұмысы енді ғана басталғандықтан, Нұржан Тұрсынханов әзірге оның нақты тетіктерін жарияламады.
Екінші балама – Мемлекеттік кредиттік бюро базасында клиенттерге көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру компаниясын автоматты түрде, кездейсоқ таңдау мүмкіндігін беру. Реттеуші Ұлттық банкке тиесілі акциялар пакеті бар мемлекеттік алаңда міндетті автосақтандыруға арналған маркетплейс құруды жоспарлап отыр. Мұндай цифрлық делдалдың міндеті – әртүрлі сақтандыру компанияларының ұсыныстарын бір платформаға жинақтап, клиентке полисті жылдам таңдап, онлайн сатып алуға мүмкіндік беру.
Үшінші әрі ықтималдығы жоғары нұсқа – қолданыстағы "бонус-малус" жүйесіндегі коэффициенттерді қайта қарау. Бұл тетік жол апатына кінәлі болмаған ұқыпты жүргізушілердің сақтандыру құнын төмендетуге, ал жол-көлік оқиғасына кінәлі болғандардың төлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл тетік нормативтік тұрғыдан қатаң заңмен бекітілмегендіктен, оған өзгерістерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өзі енгізе алады. Қазіргі уақытта агенттіктің №140 қаулысында апатсыз көлік жүргізгені үшін ең жоғары 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Жүргізуші өз кінәсінен сақтандыру жағдайын туындатпай неғұрлым ұзақ жүрсе, базалық сақтандыру сыйлықақысына қолданылатын коэффициент соғұрлым төмендейді. Ең жоғары 13-сыныпта "бонус-малус" коэффициенті небәрі 0,5-ке тең. Бұл жүргізушіге сақтандыру құны бойынша 50 пайыз жеңілдік береді.
Енді реттеуші сақтандыру компанияларына жүргізушінің жеке тәуекелдерін қосымша ескеріп, коэффициентті 10 пайызға дейін арттыруға немесе төмендетуге рұқсат беруді көздеп отыр. Нұржан Тұрсынханов 10 пайыздық жеңілдік пен үстемеақыға қатысты шешім биылғы жылдың соңына дейін қабылданатынын айтты.
Ол ұсынылып отырған уақытша тетіктер сақтандыру туралы жаңа заң қабылданғанға дейін ғана қолданылатынын тағы да атап өтті. Ал икемді тарифтік саясат көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мәселелерді шешуге тиіс.