Қазақстандағы 7,5 мың мектептің 434-і ғана күзет ұйымдарымен шарт жасасқан

563

Ішкі істер министрлігі білім беру органдарымен бірлесіп мектептерді толық зерттеп-қарап жатыр, деп хабарлайды inbusiness.

Қазақстандағы 7,5 мың мектептің 434-і ғана күзет ұйымдарымен шарт жасасқан

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осы тексерулердің алғашқы нәтижелері туралы Үкімет отырысында айтып берді. Ол келтірген ақпаратқа сай, қазірдің өзінде төмендегідей кемшіліктер анықталған: 
– 3 384 мектепте (жалпы санының 45,5%-ы) бейнебақылау жүйесі белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді; 
– 5 072 мектепте (жалпы санының 68,2%-ы) – жедел дабыл қағу жүйелерімен жарақтандырылмаған (сөйлеу, дыбыс, жарық); 
– 6 832 мектеп (жалпы санының 92%-ы) "дабыл түймелерімен" жабдықталмаған; 
– 7 095 мектепте (жалпы санының 95%-ы) – бақылау және қол жетімді басқару жүйелері жоқ (БжҚБЖ); 
– 7 107 мектепте (жалпы санының 96%-ы) – турникеттер орнатылмаған;
– 7 349 мектепте (жалпы санының 99%-ы) – металл іздегіштер жоқ. 

Елдегі 7 440 мектептің тек қана 434-і (немесе 6%) күзет ұйымдарымен шарт жасасқан.

ІІМ басшысы өз сөзінде ҚР Үкіметі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында биылғы жылдың мамыр айының басында террористік тұрғыдан осал объектілерге терроризмге қарсы қорғаудың жаңа талаптарын бекіткенін атап өтті. Бұдан басқа, білім беру ұйымдарына алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі әзірленді. Бұл – қару-жарақ, пышақтар, кастеттер, жарылғыш құрылғылардың имитаторлары, аэрозольдық бояулар, пиротехникалық құралдар және газ баллондары. Мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жеке күзет ұйымдарына қосымша біліктілік талаптары енгізіледі.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында ІІМ басшысы Үкіметтің қарауына жеті ұсыныс енгізді. Оларды іске асыру арқылы балаларды қорғаудың тиімді амалдарын іске асыру көзделген. Ерлан Тұрғымбаев жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімде білім беру ұйымдарын тиісті қауіпсіздік жүйелерімен (күзет, ЖБО-ға шығарылған бейнебақылау, дабыл түймелері, турникеттер, дабыл беру жүйесі, тексеру құралдары) қамтамасыз етуі керектігін мәлім етті. 

"Жасөспірімдер ортасында "буллингтің" алдын алу керек. Мектеп оқушыларын ұйымдасқан түрде тасымалдауды қамтамасыз ету практикасын кеңейтіп, жазғы демалыс кезінде балалар үшін спорт секциялары мен үйірмелерінің қолжетімділігін ұйымдастырған жөн. Алматы облысының Шарын шатқалдарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында оқушылардың демалыс орындарына және балаларды сауықтыру лагерьлеріне ұжымдық шығуы кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынамын", - деп түйді Тұрғымбаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу