Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы: 104 грант, 27 мың жоба жүзеге асырылды

156

Мемлекет басшысы белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы: 104 грант, 27 мың жоба жүзеге асырылды Фото: gov.kz

Осы мақсатта 2021-2024 жылдар аралығында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құқықтық кеңістікті сапалық тұрғыдан жаңғырту үдерісі басталды. Бұл бағытта бірқатар негізгі заңнамалық актілер қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, "Қоғамдық бақылау туралы" Заң, сондай-ақ "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" Заңға түзетулер пакеті қабылданды. Сонымен қатар "Волонтерлік қызмет туралы", "Қайырымдылық туралы", "Қоғамдық бірлестіктер туралы", "Медиация туралы" және "Қоғамдық кеңестер туралы" заңдарға толықтырулар енгізілді. Аталған заңдарды тиімді іске асыру мақсатында 14 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізілді.

"Соңғы бес жыл ішінде жалпы сомасы 10,3 млрд теңгені құрайтын 556 грант жүзеге асырылды. 2025 жылы жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын 104 грант іске асырылуда. ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы конкурсы рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, өтініштердің саны 135-тен 208-ге дейін артты. Ал, жеңімпаз ұйымдар саны 73-ке жетті. Олардың қатарында ауылдық аймақтардағы бастамалар мен инклюзивті жобалар да бар. Осы кезеңде барлығы 336 үкіметтік емес ұйым Мемлекеттік сыйлықақымен марапатталды", – делінген министрлік хабарламасында.

Азаматтық қоғамды дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде волонтерлік қозғалысты қолдау және нығайту жұмыстары белсенді жүргізілуде.

"Республикалық фронт-офис пен мыңдаған белсенді жасты біріктірген 20 өңірлік волонтерлік орталық құрылды. Осы уақыт ішінде 275 волонтерлік жоба мен 1 200-ден астам волонтерлік бастама жүзеге асырылды. Қазақстан волонтерлік қызмет саласында халықаралық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Соңғы жылдары елімізден 21 волонтер БҰҰ құрылымдары аясында Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдерінде қызмет атқарды. 2025 жылы олардың жетеуі өз қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар, биыл "Игі істер марафоны" аясында ел бойынша 27 мыңнан астам игі іс атқарылды", – деп атап өтті министрлік өкілдері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу