Қазақстандағы екі архивке "Ұлттық" мәртебесі берілді

307

Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қазақстандағы екі архивке "Ұлттық" мәртебесі берілді Фото: qz.inform.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Орталық мемлекеттік архивіне "Ұлттық" мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл шешім екі мекеменің ел тарихына қатысты құжаттарды сақтау, тарихи-мәдени мұраны қорғау және құнды деректерді ғылыми айналымға енгізу бағытындағы маңызын айқындайды. Сонымен қатар архив қорларын цифрландыруға және құжаттардың қолжетімділігін арттыруға басымдық беріледі.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві 1921 жылы құрылған. Оның қорларында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуы, сондай-ақ ел тарихының әр кезеңіне қатысты бірегей құжаттар жинақталған. Мұнда көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы да құнды деректер бар. Қазіргі уақытта архивтің 2 309 қорында 1,3 миллионнан астам сақтау бірлігі сақтаулы.

Ал Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылы құрылған. Мекеме еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын сипаттайтын құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалануға жауап береді. Оның қорларындағы материалдар мемлекеттік органдарға, зерттеушілерге және азаматтарға қолжетімді.

Бүгінде Ұлттық архивте 311 қор бойынша 405 589 сақтау бірлігі бар. Сондай-ақ мекеме 278 мемлекеттік органмен және ұйыммен жұмыс істеп, олардың архив құжаттарын қабылдау мен сақтауды қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу