Қазақстандағы ең биік туристік кешен 2140 метр биіктікте ашылды

130

Құрылысқа 58 млрд теңге инвестиция салынды.

Қазақстандағы ең биік туристік кешен 2140 метр биіктікте ашылды Фото: gov.kz

Алматы облысындағы "Ой-Қарағай" тау-курортында 2140 метр биіктікте орналасқан жаңа туристік кешен пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ақтас" шыңында салынған нысанның құрылысына екі жыл ішінде 58 млрд теңге инвестиция салынған.

Кешен құрамына мейрамхана, конференц-зал және қонақүй кіреді. Жоба аясында шаңғы мен сноуборд тебуге арналған трассалардың жалпы ұзындығы 28 шақырымнан 38 шақырымға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет 10 және 6 орындық аспалы жолдар іске қосылды.

Жаңа нысан халықаралық стандарттарға сай салынып, туристерді қабылдай бастады.

Өткен жылы "Ой-Қарағай" тау-курортына 660 мыңнан астам турист келген. Ал биыл жыл басынан бері келушілер саны 20 пайызға артқан.

Қазіргі уақытта Алматы облысында туризм саласына қатысты жалпы құны 638,2 млрд теңге болатын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

"Қазіргі таңда 350 адамға арналған үлкен конференц-зал мен мейрамхана жұмыс істеп тұр. Бұл әртүрлі бағыттағы қызық шараларды өткізуге өте қолайлы. Сонымен қатар меймандарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, 7 бөлмеден тұратын қонайүйіміз бар. Қысқы спорт түрлеріне арналған жолдың ұзартылуы және екі аспалы жолдың салынуы туристер санын бірнеше есе арттырады деп сенеміз. Бүгінде демалыс аймағына Қазақстаннан бөлек, Ресей, Үндістан, Қытай және Парсы шығанағы елдерінен келетін қонақтар саны артуда. Бұған Алматы облысы әкімдігінің туризм саласында өзге елдермен жасаған тиімді меморандумдары зор ықпал етіп отыр", – деді "Ой-Қарағай" тау-курортының PR бөлімінің басшысы Максим Козлов.

Бұған дейін Үкімет 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарын бекіткен. Жоспар аясында өңірде алты негізгі бағыт бойынша 15 жобаны іске асыру көзделген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу