"Wi-Fi желісі бар": Маңғыстаудан Семейге дейін баратын пойыздың вагондары жаңарды

268

Батыс өңіріне барлығы 70-тен астам жаңа вагон жеткізілді.

"Wi-Fi желісі бар": Маңғыстаудан Семейге дейін баратын пойыздың вагондары жаңарды Фото: ҚТЖ Press

Қазақстандағы ең ұзақ теміржол бағыты – "Маңғыстау – Семей" пойызының вагондары жаңартылды. Тиісті ақпаратты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

№37/38 "Маңғыстау – Семей" пойызы отандық RWS Wagon зауытында шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен жаңартылды. Батыс өңіріне барлығы 70-тен астам жаңа вагон жеткізілді. Сондай-ақ №109/110 "Маңғыстау – Ақтөбе" пойызының құрамы да осы вагондармен жаңартылды.

Жаңартылған №37/38 "Маңғыстау – Семей" пойызы 9 вагоннан тұрады. Оның төртеуі – купелі, төртеуі – плацкарт, біреуі – вагон-мейрамхана. 2025–2026 жылдары отандық зауытта шығарылған жаңа вагондардан жасақталған пойызда 331 жолаушыға арналған орын бар.

"Жаңа вагондар қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сай жасалған әрі электр қуатын үнемді тұтынады. Ішкі жабдықтары ұзақ уақыт пайдалануға төзімді материалдардан әзірленген. Жолаушылардың жайлылығы үшін вагондарда ауа температурасын реттеу және ауаны залалсыздандыру жүйелері, ыңғайлы жатын орындар, USB қуаттау порттары, 220 В электр розеткалары, Wi-Fi желісі мен биодәретханалар орнатылған. Сондай-ақ вагондардың жылу оқшаулау сапасы жақсартылған", – делінген ұлттық компания таратқан ақпаратта.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және өрт сөндіру жүйелері қарастырылған. Орталықтандырылған ауа баптау жүйесі вагон ішіндегі температураны жыл бойы бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, вагондар дыбыстық хабарлау жүйесімен, шығу есіктерін көрсететін жарық белгілерімен, нәресте жөргектеуге арналған үстелдермен және жеке сейфтермен жабдықталған. Ішкі әрлеуде аллергия тудырмайтын материалдар пайдаланылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу