Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірде жүргізген іріктемелік зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда компьютерлік бағдарламалау саласында жұмыс істейтін мамандардың 48%-ының жалақысы 1 млн теңгеден асып жығылады.
Зерттеу "Компьютерлік бағдарламалау, консультациялық және басқа да ілеспелі қызметтер" саласын қамтыған. Оған шағын бизнестің барлығы емес, ірі кәсіпорындар толықтай, ал орта және шағын кәсіпорындардың бір бөлігі енгізілген. Жалпы, зерттеу аясында осы сектордағы 19,4 мың қызметкердің еңбекақысы қарастырылған.
Зерттеу нәтижесі бойынша, компьютерлік бағдарламалау саласында жұмыс істейтін әрбір екі қызметкердің біріне жуығы айына 1 млн теңгеден астам жалақы алады. Бұл – статистикада егжей-тегжейлі қарастырылған экономикалық қызмет түрлерінің арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Салыстыра кетсек, жалпы экономика бойынша зерттеуге алынған жалдамалы қызметкерлердің небәрі 6%-ының жалақысы 1 млн теңгеден асады. Демек, жоғары жалақы алатын мамандар IT саласында едәуір көп шоғырланған.
Ұлттық статистика бюросының зерттеуі қамтыған кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалпы саны 3,4 млн адамға жетеді. Бұл – Қазақстандағы жалдамалы жұмыскерлердің 47%-ы.
Зерттеудегі деректер IT саласындағы жалақы деңгейінің де біркелкі еместігін көрсетеді. Айына 1 млн теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің арасында бұдан бірнеше есе көп табыс табатын мамандар бар.
Атап айтқанда:
- 37%-ы айына 2 млн теңгеден астам жалақы алады. Бұл – 9,4 мың адамның шамамен 3,5 мыңы;
- 13%-ы айына 3 млн теңгеден жоғары табыс табады. Олардың саны – шамамен 1,2 мың адам.
Осылайша, зерттеуге енгізілген компьютерлік бағдарламалау саласының кейбір маманы айына бірнеше миллион теңге жалақы алады. Дегенімен, бұл көрсеткіштер бүкіл IT нарығын толық қамтымайтынын ескерген жөн, өйткені зерттеу кәсіпорындардың белгілі бір бөлігін ғана қамтыған.
Зерттеу IT саласындағы қызметкерлердің гендерлік құрамына да назар аударған. Іріктемеге енген 19,4 мың маманның 64%-ы – ер адамдар. Олардың саны 12,3 мың адамға жетеді.
Жалақы деңгейі бойынша да ерлер мен әйелдердің көрсеткіштері арасында айырмашылық бар. Ер мамандардың 56%-ы айына 1 млн теңгеден астам табыс тапса, әйелдер арасында бұл үлес 35%-ды құрайды. Ал ай сайынғы жалақысы 3 млн теңгеден асатын 1,2 мың қызметкердің ішінде 96-сы – әйелдер.
Зерттеу нәтижелері компьютерлік бағдарламалау саласында жоғары жалақы алатын мамандардың едәуір бөлігі ер адамдар екенін көрсетеді. Десе де, бұл деректер жалақы айырмашылығының нақты себебі емес.