Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары маусымаралық дизель отынын өндіруге көшті

130

Үш мұнай өңдеу зауыты да кезең-кезеңімен ДТ-Е-К4 маркалы маусымаралық дизель отынын өндірмек.  

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары маусымаралық дизель отынын өндіруге көшті Фото: kmg.kz

"ҚазМұнайГаз" күзгі маусымға байланысты мұнай өңдеу зауыттарының жұмыс кестесін түзетіп, маусымаралық дизель отынын өндіруді бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Процестің ашықтығын қамтамасыз ету және жанар-жағармай нарығындағы қатысушылардың іс-қимылын үйлестіру мақсатында ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауовтың төрағалығымен ірі жанармай құю станциясы желілерінің өкілдерімен кездесу өтті.

Ұлттық компанияның сарапшылары қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, технологиялық мүмкіндіктерге көшудің ерекшеліктері мен маусымаралық отынды жеткізу тәртібін түсіндірді.

Аталған отын түрін өндіруге көшу Қазақстанда ауа температурасының маусымдық төмендеуімен байланысты. Өндіріс көлемін сақтап, отынның қажетті төмен температуралық қасиеттерін қамтамасыз ету үшін зауыттарда заманауи депрессорлық-бытыратқыш қоспалар, оның ішінде еуропалық компоненттер негізінде Қазақстанда өндірілетін қоспалар пайдаланылады.

  • Атырау МӨЗ көшу процесін 10 қыркүйекте бастап, шекті сүзгілеу температурасын −5...−7°C -қа жеткізді. Ал 1 қазанға қарай бұл көрсеткіш −15...-17°C болады.
  • Шымкент МӨЗ 20 қыркүйекте шекті сүзгілеу температурасы −5...−7°C болатын маусымаралық дизель отынын өндіруге көшеді. 1 қазаннан бастап парафинсіздендіру реакторын іске қосу арқылы көрсеткішті −15...−17°C-қа жеткізетін болады.
  • Жергілікті климаттық жағдайларды ескере отырып, Павлодар мұнай-химия зауыты 1 қазаннан бастап бірден −15...–17°C көрсеткішіне көшеді.

Өнім сапасы МЕМСТ 32511-2013 және КО ТР 013/2011 талаптарына сәйкес бақыланады. Барлық реагенттер көпсатылы зертханалық талдаудан өтеді, сондықтан сақтау кезінде тұрақты әрі қозғалтқыштар үшін қауіпсіз.

"ҚазМұнайГаз" сарапшылары кездесу кезінде түсіндіргендей, техникалық регламент талаптарына сәйкес отын құрамында кез келген қоспаның бар екені туралы мәліметтер қоспаның қай жерде енгізілгеніне қарамастан, оның әрбір партиясына берілетін сапа паспортында көрсетілуі тиіс.

Егер жанармай құю бекеттері немесе басқа мұнай базалары жеткізілген отынға өз қоспаларын енгізсе, олар сол партияға зауыттық циклде енгізілген қоспалар ғана көрсетілген бастапқы сапа паспортының орнына жаңа паспорт рәсімдеуге міндетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу