2016 жылы Қазақстандағы айлық орташа жалақы көлемі 143 мың теңгені құрады. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды naryk.kz.
Дәленовтың айтуынша, ең көп жалақы алатын өңірлер Атырау мен Маңғыстау облыстары (250 мың теңгеден астам). Ал ең төменгі жалақы алатын өңірлер СҚО мен Жамбыл облысы (100 мың теңгеден аз).
Кәсіп түрі бойынша, ең көп жалақыны ұшқыштар мен мұнайшылар, шахтерлар, құрылысшылар алады екен. Ең аз жалақы мұғалім, медбике, зоотехник пен балабақша тәрбиешілерінде.
“Жалпы жалдамалы жұмыскерлердің 1/3-і айына 100 мың теңгеден көп алады. Ал 100 адамға дейін жұмыс істейтін шағын мекелердегі қызметкерлер орташа есеппен айына 134 мың теңге алады”, – дейді министр орынбасары.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір 13 млн ересек адамның 9 млн-ы еңбекке қабілетті жандар. Соның ішінде 70,5 пайызы жалдамалы жұмыскерлер болса, 24,5 пайызы өзін өзі жұмыспен қамтушылар, қалған 5 пайызы жұмыссыз.
Министр орынбасарының мәліметінше, республикадағы жұмыскерлердің 63,2 пайызы қызмет көрсету саласында, 20,6 пайызы өнеркәсіп пен құрылыста, 16,2 пайызы ауыл шаруашылығында еңбек етеді.