Іс-шараны Қазақстанның Гераттағы Сауда үйі ұйымдастырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кабулдағы келіссөздер – Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің Ауғанстанға жасаған сапарлары барысында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтардың қисынды жалғасы болды.
Кездесуге Ауғанстан Ислам Әмірлігінің өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи, Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы уақытша сенімді өкілі Газиз Ақбасов, Қазақстанның Ауғанстандағы Сауда үйінің басшысы Арман Есентаев, сондай-ақ "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Самат Теньбаев қатысты.
Тараптар Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Әсіресе, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін бидай, майлы зығыр, жүгері және сояны экспорттау көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Келіссөздер нәтижесінде 100 миллион АҚШ долларынан асатын көлемде экспорттық келісімшарттар жасау мүмкіндігі нақтыланды.
"Азық-түлік келісім шарт корпорациясы астық нарығының мемлекеттік операторы ретінде ауған серіктестерімен іскерлік ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Біз экспорт көлемін арттыруға дайынбыз және тұрақты әрі сапалы жеткізілімдерді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстарға иеміз", – деп атап өтті корпорация өкілі.
Ауған тарапы тұрақты сауда тетіктерін құруға мүдделі екенін білдіріп, экспорттық келісімшарттарды сүйемелдеу құралдарын талқылай бастады.
Кездесу барысында қазақстандық өндірушілерге ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық партияларын шоғырландыруға көмек көрсету туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл сауда кедергілерін азайтуға және өзара сауданы дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, бұл Мемлекет басшысының отандық өнімдерді халықаралық нарықтарға ілгерілету жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді.
"Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыруда. 2025 жылы компания астық сатудың рекордтық көлеміне – 1,2 млн тоннадан астам көрсеткішке қол жеткізді. Дәстүрлі нарықтардан бөлек, қазақстандық бидай Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африка елдеріне де экспорттала бастады.