Қазақстанның әр өңірінде офицерлер, сержанттар мен запастағы сарбаздарға арналған әскери жиындар өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтау гарнизонында 30 әскери міндетті Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік кемелерінде дайындықтан өтуде. Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген 250 азамат Аягөз гарнизонында әскери машықтарын жетілдіріп жатыр.
Ақтаудағы 30 күндік жиындар тікелей әскери кемелердің бортында ұйымдастырылған. Қатысушылар тәжірибелі командирлердің жетекшілігімен экипаж құрамындағы қызмет ерекшеліктерін меңгеріп, навигациялық дағдыларын жетілдіреді. Сондай-ақ қару-жарақ пен автоматтандырылған басқару жүйелерін зерделеп, кеменің қауіпсіздігі мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйренеді.
Теориялық білім теңізге шығу жаттығулары кезінде пысықталады. Әскери міндеттілер нақты теңіз жағдайында әрекет етіп, экипаж құрамында үйлесімді жұмыс істеуге машықтанады.
– Бұл жиындардағы ең құндысы – практикалық тәжірибе жинақтау мүмкіндігі. Алған білімдері бірден іс жүзінде теңізде сыналады. Мұндайда экипаждың үйлесімді әрекеті аса маңызды, – деді әртекті кемелер дивизионының командирі 2-ранг капитаны Руслан Яхьяров.
Аягөз гарнизонында 250 әскери міндетті, оның ішінде 30 офицер, 220 сержант пен запастағы сарбаз даярлықтан өтіп жатыр. Олар тактикалық даярлық бойынша білімін жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану, бөлімше құрамында бірлесіп әрекет ету дағдыларын пысықтауда.

– Мен үшін бұл жиындар бұрын алған дағдыларымды еске түсіріп, жаңа тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Мұнда тәртіптің, жауапкершіліктің және бірлесе әрекет ете білудің қаншалықты маңызды екенін тағы бір түсінесің, – деді әскери міндетті Еркебұлан Кәкімов.
Әскери жиындар әскери міндеттілердің бұрын алған машықтарын жетілдіріп, жаңа тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай даярлық Қарулы күштер үшін білікті резерв қалыптастыруға бағытталған.
Жиын кезінде қатысушылардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Олар әскери киім-кешекпен, тамақпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.
Даярлық аяқталған соң әскери міндеттілер емтихан тапсырады. Жиындарды сәтті аяқтау белгіленген тәртіппен кезекті әскери атақ алуға мүмкіндік береді.