Қазақстандық банктердің активі бір жылда 5,3 триллион теңге өсті

930

Еліміздегі 25 банктің бесеуі жылдық динамикада минусқа кеткен. 

Қазақстандық банктердің активі бір жылда 5,3 триллион теңге өсті

Отандық банктердің активі бір жылда 5,26 трлн теңге өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың наурызында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) активі 32 трлн теңге, ал бір айда 696,5 млрд теңге артқан.

Жылдық өсім бойынша көшбасында Halyk Bank тұр: плюс 1,15 трлн теңге, активі 9,83 трлн теңгеге дейін өскен. Тек бір айда банк активінің портфелі тағы 97 млрд теңге артқан. 2021 жылдың наурызында сектордың жиынтық активіндегі банктің үлесі шамамен 31%.

Екінші орында ресейлік Сбербанк: бір жылда плюс 948,2 млрд теңге өскен, жалпы 3,24 трлн теңгеге дейін. Қаржы институты елімізде актив көлемі бойынша 2-орынды алады. 

Үздік үштікті мемлекеттік Отбасы банкі қорытындылайды: плюс 732,6 млрд теңге, 2,15 трлн теңгеге дейін. Актив көлемі бойынша банк 5-орында. 

Қазақстандағы банктердің кредит портфелі наурызда 15,37 трлн теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 835,4 млрд теңге артық. 

Сонымен қатар ең қауіпті саналатын 90 күннен аса кредит мерзімін өткізіп алу көрсеткіші NPL 90+ бір жылда 151,8 млрд теңге, жалпы 1,06 трлн теңгеге дейін азайды. Бұл еліміздегі ЕДБ жиынтық кредит портфелінің 6,9%-ы. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,4% болған.

Жылдық өсім бойынша да Halyk Bank көшбасында: плюс 517,2 млрд теңге, 4,71 трлн теңгеге дейін. Бұл банк секторындағы барлық кредиттің шамамен 31%-ы.

Банк NPL 90+ көрсеткіші бойынша бірінші орында: бір жылда минус 107,3 млрд теңге, 192 млрд теңгеге дейін. Бұл банктің несие портфелінің 4,1%-ы. Өткен жылы көрсеткіш 7,2% болған.

Қазақстандағы ең ірі коммерциялық банктердің арасында 
Halyk Bank-тің қарызы "ең таза" және қарыз портфелі сапалы болып саналады.

Кредит портфелінің жылдық өсімі бойынша екінші орынды Сбербанк алды: плюс 338,5 млрд теңге, жалпы 1,78 трлн теңгеге дейін. Кредит портфелі және актив көлемі бойынша да банк 2-орында. 

Сондай-ақ банктің "қауіпті" кридеттері бір жылда 28,8 млрд теңге өсіп, жалпы 98,1 млрд теңге болған. Бұл кредит портфелінің 5,5%-ы. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4,8% болған.

Үздік үштікті Отбасы банкі қорытындылайды: плюс 329,9 млрд теңге, 1,37 трлн теңгеге дейін. Қарыз портфелінің көлемі бойынша банк 4-орында. Тұрғын үйге қарыз беруге маманданған банкте "ұзақ" уақыт мерзімін өткізіп алу көрсеткішінің үлесі – 0,1%.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу