Бас прокуратура, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерінен құралған Қазақстан Республикасының делегациясы БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының (ҚАҚСТК) 35-сессиясына қатысуда, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Басты пленарлық отырыста Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали жалпыхалықтық референдумда адам мен азаматтың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтетін, сондай-ақ "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты институционалдық реформалар туралы хабардар етті.
Мемлекет басшысының Цифрландыру жылын жариялауына байланысты делегация басшысы қазақстандық құқық қорғау органдарының цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, қылмыстың алдын алу саласындағы табысты тәжірибесімен бөлісті.
Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен (ЦАРИКЦ) бірлесіп өткізілген жеке іс-шарада Қазақстан есірткі бизнесінің қаржы ағындарын анықтауға және бұғаттауға арналған халықаралық платформаның үлгі нұсқосын таныстырды. Таныстырылым қорытындысы бойынша сарапшылар бұл жүйені барлық Орталық Азия елдерінде пилоттық режимде енгізу мәселесін пысықтау қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Сондай-ақ, отандық делегаттар есірткі қылмысының цифрлық іздерін қадағалау жөніндегі сессияда ҚР Бас прокуратурасының қазақстандық Таргетинг орталығының табысты жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Бұдан басқа, прокуратура өкілдері трансұлттық алаяқтық Call-орталықтармен күрес және балаларға қатысты киберқылмыстың алдын алу бойынша қатар өтіп жатқан іс-шараларға белсенді қатысты.
Сессия аясында қазақстандық делегацияның БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) басшылығымен – Киберқылмыс жөніндегі бөлімнің басшысы Г. Причардпен және Орталық Азиядағы Өңірлік өкіл О. Штольпемен екіжақты келіссөздері өтті. Тараптар халықаралық сарапшылар мен инвестицияларды тарта отырып, Қазақстанда Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік орталық құру бастамасын егжей-тегжейлі талқылады.
Оңтүстік-Шығыс Азия сот төрелігі желісінің (SEAJust) хатшылығымен кездесу құқықтық ынтымақтастық аясын кеңейтуге жасалған маңызды қадам болды. Тараптар Қазақстанның бұл ұйымға өңірден тыс мүше мәртебесімен кіру мәселесін пысықтауға уағдаласты. Бұл қазақстандық құқық қорғаушыларға экстрадициялау және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша Азияның 20-дан астам елімен жедел өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында қазақстандық делегация киберқылмыспен, адам саудасымен, алаяқтықпен, есірткі бизнесімен және т.б. күрес мәселелері бойынша басқа да шет елдердегі әріптестерімен және халықаралық ұйымдармен жұмыс байланыстарын нығайтты, сондай-ақ отандық кадрлардың біліктілігін арттыру перспективаларын талқылау үшін Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияға (IACA) барды.