Қазақстандық ғалымдар әуеде ұзақ уақыт жұмыс істейтін ұшқышсыз мультикоптер әзірледі

748

Сәтбаев университетінің ғалымдары жасаған ұшқышсыз платформа жер үсті станциясынан үздіксіз электр қуатын алып, әуеде ұзақ уақыт жұмыс істеуге мүмкіндік береді.   

Қазақстандық ғалымдар әуеде ұзақ уақыт жұмыс істейтін ұшқышсыз мультикоптер әзірледі Фото: gov.kz

Қазақстандық ғалымдар әуеде ұзақ уақыт жұмыс істей алатын біріктірілген ұшқышсыз мультикоптерлік платформаны әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Жоба Сәтбаев университетінің ғалымдары тарапынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылды.

Ғылыми топ жер үсті станциясынан арнайы кабель арқылы үздіксіз электр қуатын алатын мультикоптер платформасын жасап шықты. Бұл технология ұшқышсыз аппараттың әуеде ұзақ уақыт тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Жоба аясында инверторлық электрмен қамту жүйесі әзірленіп, оның математикалық моделі құрылды, басқару алгоритмдері жасалды және тәжірибелік үлгісі сыналды. Сондай-ақ мультикоптердің үшөлшемді моделі әзірленіп, аэродинамикалық сипаттамалары зерттелді.

Зерттеу нәтижесінде платформаның тәжірибелік үлгісі дайындалып, зертханалық және эксперименттік сынақтардан сәтті өтті. Сынақтар жүйенің жұмысқа қабілеттілігін, энергияны тиімді түрлендіру мүмкіндігін және қорғаныс механизмдерінің сенімділігін растады.

Ғалымдардың айтуынша, әзірлеме телекоммуникация, экологиялық мониторинг, авариялық-құтқару жұмыстары, стратегиялық нысандарды күзету және ұшқышсыз аппараттардың ұзақ уақыт әуеде болуын қажет ететін басқа да салаларда қолданылуы мүмкін.

Жобаның ғылыми жетекшісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Қырмызы Тайсариева зерттеудің маңыздылығына тоқталды:

"Бұл жоба – отандық инженерлік ғылым мен ұшқышсыз технологиялар саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Біз әзірлеген біріктірілген мультикоптерлік платформа ұзақ уақыт әуеде тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді және түрлі стратегиялық бағыттарда қолдануға әлеуеті жоғары. Алдағы уақытта осы технологияны жетілдіру арқылы Қазақстандағы ұшқышсыз жүйелердің жаңа буынын қалыптастыруға үлес қоса аламыз".

Жоба нәтижелері Қазақстандағы біріктірілген ұшқышсыз жүйелер технологиясының дамуына серпін беріп, осы бағыттағы перспективалы инженерлік шешімдердің қалыптасуына ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу