Қазақстандық ғалымдар Нобель сыйлығына үміткер жоба үшін 10 млн доллар іздеуде

153

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Сенатта өткен кездесуде әлемдік деңгейдегі ғылыми жобаға қажет қаржыландыру мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстандық ғалымдар Нобель сыйлығына үміткер жоба үшін 10 млн доллар іздеуде Фото: Mobilaser

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда MegaScience санатындағы жобаларды қолдауға арналған бағдарлама мүлдем жоқ.

"Біз үш жылдан астам уақыт бұрын ультрасалқын нейтрондар көзіне арналған MegaScience жобасын ұсынып, жүзеге асыруға талпынып келеміз. Бұл жоба аясында кемінде екі Нобель сыйлығына лайық жаңалық ашуға болады. Қазірдің өзінде бір жаңалығымыз Нобель деңгейіне сай екеніне сенімдіміз. Алайда оны жүзеге асыру үшін қажетті қондырғыны орнатуға 15 миллион доллар қажет", - деді Сахиев.

Оның айтуынша, жоба Қазақстанда жүзеге асырылса, әлемнің ең беделді 15 жоғары оқу орнының ғалымдары елімізге келіп, бірлескен зерттеу жүргізуге мүмкіндік алады.

"Өкінішке қарай, бізде мұндай жобаларды қаржыландыратын MegaScience деңгейіндегі бағдарламалар қарастырылмаған. Қазіргі таңда ядролық зерттеулер саласында әлемнің 27 елі мүше болып отырған Біріккен ядролық зерттеулер институты 5 миллион доллар бөлуді мақұлдап отыр. Қалған 10 миллион долларды бөлуге мемлекет тарапынан қолдау сұраймыз. Бұл шамамен 5 миллиард теңге ғана. Егер осы қаражатты үш жыл көлемінде бөлсек, халықаралық деңгейдегі ғылыми орталықты құрып, ірі жаңалықтарға қол жеткізер едік", - деді ол.

Сондай-ақ, Сахиев ұзақмерзімді, яғни 5-10 жылға арналған тұрақты қаржыландыру бағдарламасының қажеттігін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу