Қазақстандық колледж студенттері халықаралық деңгейде кәсіби шыңдалуда

389

Соңғы бес жылда мұндай мүмкіндікке 86 студент ие болса, биыл тағы 21 студент шетелде тәжірибеден өтіп жатыр. 

Қазақстандық колледж студенттері халықаралық деңгейде кәсіби шыңдалуда Фото: Оқу ағарту министрлігі

Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің студенттері Түркияның Анталия жағалауындағы бес жұлдызды қонақүйлерде өндірістік тәжірибеден өтіп, халықаралық стандарттарға сай кәсіби дағдыларын жетілдіруде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Студенттер аспаз көмекшісі, бармен-бариста және қонақжайлылық саласындағы басқа да бағыттар бойынша практикалық даярлықтан өтіп, әлемдік деңгейдегі қонақүйлердің жұмыс үдерістерімен және қызмет көрсету стандарттарымен танысуда. Тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеу арқылы олар оқу барысында алған білімдерін нақты өндірістік ортада қолданып, кәсіби құзыреттерін дамытуда.

Өндірістік тәжірибе ақылы негізде ұйымдастырылған. Студенттерге ай сайын кемінде 400 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Сонымен қатар бағдарлама шет тілдерін тәжірибе жүзінде жетілдіруге, жаңа мәдени ортамен танысуға және халықаралық кәсіби байланыстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мұндай тәжірибе техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты дамыту бағытымен үндеседі. 2025 жылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен педагогтерінің академиялық ұтқырлығын реттейтін нормалар заңнамалық деңгейде бекітілді.

Бұл бағыттағы жұмыс бүгінде жүйелі түрде жалғасуда. 2026 жылдың басынан бері 189 студент пен 132 педагог шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтті.

Академиялық ұтқырлық қазақстандық колледждердің халықаралық байланыстарын кеңейтіп, студенттер мен педагогтерге озық тәжірибені меңгеруге және кәсіби құзыреттерін халықаралық ортада дамытуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу