2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстандық мамандар Анкарада халықаралық байқауда топ жарды

270

Қазақстан құрамасы арнайы номинацияға да ие болды.  

Қазақстандық мамандар Анкарада халықаралық байқауда топ жарды Фото: gov.kz

21–23 қыркүйекте Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің 2026 жылғы электр энергиясын тарату желісіндегі үздік командасын анықтаған халықаралық байқау өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сайысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының өкілдері қатысты.

Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама команда өнер көрсетті. Оның құрамына "Қазақстандық коммуналдық жүйелер" компаниялар тобына кіретін Шымкент қаласындағы "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС мен Ақтөбе облысындағы "Энергосистема" ЖШС мамандары енді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болып, сондай-ақ "Ең табысты команда" арнайы номинациясымен марапатталды.

Сайыс TEDAŞ оқу базасында өтіп, қатысушылар электр қондырғыларымен жұмыс істеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және электр энергиясын тарату желілерін пайдалану бойынша практикалық дағдыларын көрсетті.

Байқау барысында командалар тарату трансформаторының ақаулы жоғары кернеулі сақтандырғышын ауыстыру бойынша практикалық тапсырма орындады. Тапсырма төмен және орта кернеу жағдайында операцияларды ретімен жүргізуді, жергілікті жерге қосуды, сақтандырғышты ауыстыруды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтыды.

Қатысушылардың жұмысын халықаралық төрешілер алқасы бағалады. Нәтижені анықтау кезінде операциялардың дұрыс орындалуы, еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, тапсырманы орындау уақыты және тиімді әрі заманауи техникалық шешімдерді қолдану ескерілді.

Қазақстанның халықаралық жарысқа қатысуы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің энергетика саласы мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қазақстандық электр монтерлерінің кәсіби деңгейін халықаралық аренада танытуға жол ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу