Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен "Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану" халықаралық семинарына Қазақстаннан "Келешек мектептері" жобасының 50 шақты директоры қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Семинар барысында қатысушылар қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасып, озық мектептердің үздік тәжірибелерін зерделеді. Олар білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдерімен, цифрлық шешімдермен, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесімен, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы тиімді ынтымақтастық үлгісімен танысты.
Семинар қорытындысы бойынша зерделенген тәжірибелерді "Келешек мектептерінің" жұмысына кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты жалғастыру жоспарлануда.
Педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізу Оқу-ағарту министрлігінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы халықаралық серіктестік алдағы уақытта да жалғасады.