Алматы халықаралық әуежайында Қытайдың Шанхай қаласында өткен 67-ші Халықаралық математика олимпиадасының (IMO-2026) жүлдегерлерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жас математиктерді әуежайда ата-аналары, ұстаздары, достары және білім саласының өкілдері қарсы алды. Іс-шара барысында "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Давлет Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаттарын табыстап, жеңімпаздарға министрдің құттықтауын жеткізді.
Биыл әлемнің 117 елінен 700-ге жуық үздік жас математик қатысқан беделді олимпиадада Қазақстан құрамасы 6 медаль иеленді. Оның ішінде қазақстандық оқушылар 3 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:
- Алматы қаласындағы "Haileybury Almaty" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат;
- Алматыдағы "NURORDA" мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы;
- Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейғанов.
Қола медаль иегерлері:
- Алматыдағы "NURORDA" мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек;
- Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарел;
- Алматыдағы "Haileybury Almaty" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Амирлан Аманжолов.
Қазақстан құрамасының жетекшілері – Асылбек Әбдіәшімұлы Исахов пен Қанат Қайратұлы Сатылханов.
Халықаралық математика олимпиадасы әлемдегі ең беделді әрі күрделі зияткерлік жарыстардың бірі саналады. Биылғы нәтиже қазақстандық оқушылардың дайындық деңгейі жоғары екенін және олардың әлемдік білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті.