Екі танкер дрондар шабуылынан кейін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына мұнай тиеу үшін жақындай алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттік мәліметінше, HERA және ALATAU танкерлері тиісінше "Лукойл" мен "ҚазМұнайГаздың" шикізатын қабылдауы керек болған. Шабуылдан кейін HERA зақым алған. ALATAU соққыға ұшырамағанымен, теңіздегі ұшқышсыз катерлер оны бағытын өзгертуге мәжбүр етті.
LSEG кемелерді бақылау жүйесі HERA-ның бейсенбі күні таңертең Новороссийск маңында болуы тиіс екенін көрсеткен. Алайда 20 шілдеде Босфордан шығып, Қара теңізге өткен соң ол транспондерін өшірген.
ALATAU 19 шілдеде КҚК терминалына тиеуге бет алған, бірақ кейін бағытын Ыстамбұлға бұрып, транспондерін ажыратқан.
SEA AMBER және DELTA IOS атты тағы екі танкер де бейсенбі күні таңертең бағытын өзгертіп, КҚК терминалына барудың орнына Түркия жағалауына кеткен.
Reuters дерегінше, спутниктік суреттер бейсенбі күні таңертең КҚК терминалында бірде-бір танкер болмағанын көрсеткен.
Жалпы шілде айында Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевкадағы КҚК теңіз терминалында 5 танкер дрондар шабуылына ұшыраған. 20 шілдеде КҚК шикізат тиеуді уақытша тоқтатқанын хабарлады.
ҚР Энергетика министрлігі теңіз терминалындағы тиеу операцияларының уақытша тоқтатылғанын және тәуліктік мұнай өндірудің азайтылғанын растады.
22 шілдеде елдегі мұнай мен газ конденсаты өндірісі 215,6 мың тоннаға (шамамен 1,63 млн баррель) дейін төмендеді. Бұл ай басындағы орташа көрсеткіштен (274 мың тонна немесе 2,07 млн баррель) айтарлықтай аз. Теңіз кен орнында тәуліктік өндіріс 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін қысқарған.
КҚК арқылы Қазақстан мұнай экспортының 80%-дан астамы өтеді. Негізгі көлем Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан жеткізіліп, Новороссийск маңындағы консорциум терминалында танкерлерге тиеледі.