Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі құрылады

209

Жаңа реестр толыққанды ақпараттық жүйе болмақ. 

Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі құрылады Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов қазақстандық тауар өндірушілерді дұрыс сәйкестендіруге мүмкіндік беретін бірыңғай тізім не үшін қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – нақты қазақстандық тауар өндірушілерді дұрыс сәйкестендіруге мүмкіндік беретін, олар туралы және олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығын арттыратын тізілімді енгізу.

"Қазіргі ұсынып отырған тізілімге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әзірленіп жатқан тізілім СТ-KZ сертификаттары мен өнеркәсіптік сертификатты беру тәртібімен байланысты анықталған кемшіліктерді ескере отырып, тауар өндірісін растау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі уақытта сертификаттау процесі жоғары деңгейдегі адами фактор ықпалына ие және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, өндірушілердің бірыңғай дерекқорымен интеграцияланбаған. Бұл кемшіліктер сертификаттау процедураларының объективтілігі мен ашықтығына қауіп төндіреді. Жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады және ол қажетті құжаттарды сараптама жүргізу үшін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады", – деді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Тізілімді жүргізуге жауапты уәкілетті мемлекеттік орган – Индустрия және құрылыс министрлігі. 

Депутаттың сөзінше, тізілімді енгізу Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей нүктесін құруға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу