Жыл басынан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі 9,3%-ға ұлғайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған көрсеткіш инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтуге байланысты артып отыр. Бүгінде қазақстандық жүк экспорты 17%-ға өсіп отыр, мысалы, темір кенін, қара металдарды, агроөнеркәсіптік кешен мен мұнай өнімдерін тасымалдау артқан.
Баса айта кететін мәселе – еліміздің транзиттік әлеуеті нығайту. Қытаймен қатынаста транзиттік жүктердің көлемі 8%-ға өсті. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан транзитпен жүктерді тасымалдау 27% өсімді көрсеткен.
– Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша тасымалдаудың оң қарқыны байқалады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында Қытайдан ТХКБ бойынша 125 контейнерлік пойыз жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 34,4% жоғары, – делінген хабарламада.
Жалпы, ҚТЖ инфрақұрылымның транзиттік тасымалдардың одан әрі өсуін қамтамасыз етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары шеңберінде елдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруды жалғастырып келеді.